Қайтарымсыз грант көпбалалы анаға балаларын еңбекке баулуына сеп болды

34

Шымкент қаласының тұрғыны Балымжан Асембекова биыл 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант алған азаматтардың бірі. Көпбалалы ана ол қаражатқа жалюзи, ролл-перделер дайындайтын құрал-жабдықтар сатып алған. Қазіргі таңда студент ұлымен бірге аталмыш тауардың түрлі үлгілерін дайындап, тұрақты табыс көзіне айналдырған.

-Өзім 20 жылдан бері перде тігумен айналысамын. Тапсырыс қабылдаған кезде қосымша жалюзиге сұраныс көбейген соң, осы кәсіпті де меңгеру керек деп шештім. Тәубе, балаларым қолқанат болды. Қазір үлкен ұлым жалюзи, ролл-перделерді өзі дайындайды. Балаларымның несібесі болар, қайтарымсыз гранттың көмегі тиіп жатыр,-дейді грант иегері.

Балымжан Асембекова дизайнер-модельер мамандығы бойынша алған білімін де кәдеге асырып отыр. Шеберханасында ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін әшекей бұйымдар мен қыз жасауын дайындап, киім-кешекті тігеді. Ісмер әйел қол қусырып отырмай, қосымша 3 азаматты да жұмыспен қамтуда. Алдағы уақытта перде, жалюзиді химиялық тазалайтын қызмет ашу арманы бар.

Биыл Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грант жалпы саны 452 азаматқа берілді. Былтыр 1098 азамат грант иегері атанған. Қаражаттың мақсатты жұмсалып, жеке кәсіп ашуға пайдаланылғанына мамандар үнемі тексеру жүргізіп отырады. Басқарма тарапынан былтыр грант алған 1094 азаматтың кәсібіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 1044 азаматтың жұмыс орнын ашып, қосымша 25 азаматты жұмыспен қамтығаны белгілі болып отыр. Қалған 50 азамат бойынша мемлекеттік грант қаржысын мақсатсыз пайдаланғаны үшін құқықтық қамтамасыз ету бөліміне жолданған.