Қазақстан мен Қытай темір жолдары арасында жүк тасымалы артқан

19
Фото Қазақстан теміржолшысы

Қаңтар — қазанда Қазақстан Республикасы мен Қытай темір жолдары арасында жүк тасымалы 23,6 млн тоннаға жетіп, 2022 жылғы көрсеткіштен 22% жоғары болды, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметі. Мәселен, Қытайдан жүк қабылдау 8%, яғни 9,1 млн тоннаға дейін, жүктерді ҚХР-ға жөнелту 32%, 14,5 млн тоннаға дейін ұлғайды.

«Алтынкөл станциясы бойынша жүктерді тапсыру 53%, яғни 4,8 млн тоннаға дейін, қабылдау 14%, яғни 5,4 млн тоннаға дейін өсті», — деп жазылған хабарламада.

Қазақстан мен ҚХР арасында жүк тасымалдауға Темір жол ынтымақтастығы ұйымының (ТЖЫҰ) 2023 жылға арналған жоспары 26,1 млн тонна көлемінде келісілді.
Қазақстандық өнімді экспорттық тасымалдауды дамыту үшін Достық – Мойынты учаскесінің екінші жолдары салынып жатыр, құрылыс аяқталғаннан кейін оның өткізу қабілеті 5 есеге артады. Сондай-ақ Бақты үшінші өткізу пунктінің ашылуына байланысты Бақты-Аягөз теміржол желісін салу жобасы іске асырылып жатыр, ол Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін жылына тағы 20 млн тоннаға арттырады.