Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары Салық Кодексінің баптары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жолы салық төлеушілерге Салық Кодексінің 70-бабы жайлы баяндалды.
Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасындағы салықтық әкімшелендіру бөлімінің мамандары салық төлеушілерге Салық Кодексінің 70-бабы «Салықтық зерттеп-қарау» бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Құжатқа сәйкес, салық төлеушінің іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау мақсатында салық органы жүзеге асыратын мемлекеттік бақылаудың өзге нысаны салықтық зерттеп-қарау болып табылады. Салықтық зерттеп-қарау салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жері бойынша жүргізіледі. Оған қатысу үшін Салық Кодексінде айқындалған тәртіппен куәгерлер тартылады.
Эльмира Тастанова, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:
«Салық төлеушілерге әр түрлі жағдайда салықтық зерттеу актісі жүргізіледі. Ол жерде төлеушінің заңды тіркелген жері белгіленген. Егер ол заңды тіркелген орнында болмаған жағдайда біз оларға хабарлама жібереміз. Хабарлама жібергеннен кейін 20 жұмыс күнінде салық төлеуші жауап беруі керек. Егер сол мерзімде жауап бермеген жағдайда, біз оларға бірінші кезекте банктік есепшоттарын бұғаттаймыз. Сонымен қатар ол банктік есепшоты құлтанған соң 5 күн беріледі. 5 күнде жауап бермеген жағдайда қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылады».
Салықтық зерттеп-қарау нәтижесінде салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жерінде іс жүзінде жоқ екені анықталған жағдайда, салық органы мұндай салық төлеушіге салық төлеушінің орналасқан жерін растау туралы хабарлама жібереді. Салық органы хабарламаны жіберген күннен бастап 20 күн ішінде салық төлеуші салық органына өзі келу тәртібімен салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін қоса бере отырып, салықтық зерттеп-қарау кезінде болмау себептері туралы жазбаша түсінік ұсынуға міндетті.
Эльмира Тастанова, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:
«Хабарламаға уақытылы жауап бермеген жағдайда салық төлеуші 288-бап бойынша (әкімшілік құқықбұзушылық) бірінші кезекте ескерту жасалады. Егерде қайталанса, 15 АЕК айыппұл төлейді».
Салықтық әкімшелендіру бөліміндегілер егер де көтерілген мәселеге қатысты салық төлеушілерде сұрақ туындаса, жауап беруге дайын. Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы Төлеби көшесіндегі «Ақбар» көтерме сауда орнының жанындағы ғимаратта орналасқан.