Састөбедегі зауыт жарылысынан 1 адам қаза тауып, 2 кісі ауруханаға түсті

50

Түркістан облысындағы Састөбе цемент зауытында қайғылы оқиға орын алды. Кәсіпкерлік нысанда жойқын жарылыс болып, салдарынан 1 жұмысшы қаза тапты. Тағы бірнеше адам ауруханаға түскен. Қазір құқық қорғау органдары тергеу жұмысын бастады.

Боуш әулетінде қайғылы жағдай орын алды. Бүгін түлкібастық тұрғын Елена отағасын жер қойнына табыстады. 52 жастағы Константин Боуш Састөбедегі цемент зауытында 6 жылдан бері механик болып жұмыс істеген. Оның денесін алапат жарылыс кезінде 100 пайыз күйік шалып, қаза тапты.

Елена Боуш, Түлкібас ауданының тұрғыны: “Менің ешқандай шағымым жоқ. Менің күйеуім жарылыс кезінде қайтыс болды. Өзіміз де абдырап қалдық. Ол зауытта 6 жыл жұмыс еңбек етті“.

Жауапты компаниядан қазірше ақпарат алу мүмкін болмады. Белгілі болғандай, апат салдарынан бір адам қаза тауып, 58 және 34 жастағы екі тұрғын ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Дәрігерлердің мәліметіне сәйкес, зардап шеккендерді ауыр күйік шалған. Қазір ақ халаттылар науқастардың өмірін аман алып қалу үшін барын салуда.

Ерғали Әлімбаев, Сайрам аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері: “Біздің ауруханаға 100-75% күйік шалған 2 азамат келіп түсті. Жағдайлары өте ауыр. Қазір Шымкент қаласының дәрігерлерімен байланыста жұмыс істеп жатырмыз”.

Облыстық құқық қорғау органдары Састөбе цемент зауытындағы болған оқиғаға қатысты тергеу жұмысын бастады.

Асылжан  Қалдарбеков, Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары: «13 қарашада Түлкібас аудандық полиция бөліміне «Sas-Tobe Technologies» ЖШС цехында өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түсті, өрт салдарынан 3 жұмысшыны түрлі дәрежедегі күйік шалған. Зардап шеккендердің бірі, Түлкібас ауданының тұрғыны, ол алған дене жарақатынан есін жоғалтып, ауруханада қайтыс болды. Бұл факт ҚР ҚК-нің 156-бабы 3-бөлігі «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды»

Қазір зауыт жұмысы уақытша тоқтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін Түркістан облысының полиция департаменті мен прокуратурасы жеке бақылауына алды.