Шымкент пен Түркістан облысының газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Себебі аймақта 1 айға жуық уақыттан бері газ тапшылығы байқалады. Жүргізушілер қала ішінен қажет газ таппаған соң түнімен бекеттерді күзететін болған. Алайда барлық жерде газ жоқ деген жазу жазылып тұр.
Түркістандық жүргізушілер қала ішінен газ таппай шаһар сыртындағы бекетте сағаттап кезекте тұр. Олар 1 айға жуық уақыт бойы түнімен осы жанармай құю станциясын торуылдап жүргенін айтады. Себебі басқа жақта сұйық отын жоқ. 40 минуттан бері кезекте тұрған Бекзат Ергешбаев әлі бірнеше сағатымды осы маңда өткіземін дейді.
Бекзат Ергешбаев, Түркістан қаласының тұрғыны:
«Жұмыстан кейін 2-3 сағаттап тұрамыз. Кезек келген кезде газ бітіп қалады. Қазір жұмыстан келдім. Кешкі асымыз жоқ, басқа жоқ. Менің келгеніме 40 минуттай болды қазір, амал жоқ күтеміз. Жүру керек қой. Қымбаттататын болса қымбаттатсын. Егер 5 теңге қосу керек болса, қоссын. Оған да көнеміз. Әйтпесе масқара ғой мынау.»
Ал шымкенттік тұрғын бірнеше күннен бері газ таппаған соң жанармайға көшкенін айтады. Газды іздеп қаланы шарқ ұрғанмен оның өзін белгілі бір мөлшерде ғана құя алады екен.
Талғат Әбдінәбиев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жұмыстан шығып 1 сағаттап кезекте тұрып, газ құйдырайын десек, жоқ. Қоңырау түсті. Құя алмаймыз дейді. Кейде ақша беріп жүріп құйдырып аламыз. Дефицитті қолдан істеп отырғаны сезіледі. Себебі бар газды құймай отырады.»
Мамандар сөзінше шымкенттік тұрғындар 1 айда 10 мың тоннаға тарта газ тұтынады. Алайда қараша айына 7 жарым мың тонна сұйық отын жеткізілген. Жылу және табиғи газбен қамту бөлімі қызметкерлері дефициттің туындауына облыстағы жетіспеушілік себеп болды деп отыр. Өйткені жақын аудан азаматтары өздерінде болмаған соң қаладан газ құйдырып жүрген.
Ілияс Есжанов, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:
«Көп автокөліктер, облыстағы болсын, трассадағы болсын келіп құйдырып кетеді. Сондықтан өзіміздегі аз көлем не бізге, не басқаларға жетпей қалады. Екіншіден өзімізде қорбар болғанмен. Оны тасымалдау қиын болып жатыр. Бұған дейін күніне 6-7 вагоннан жіберіп отырды. Бұл — өте аз. Екі күн ғана болды, 12-13 вагоннан жіберіп жатыр.»
Ал жауаптылар күнгейде жарты ай бұрын қараша айына 13 мыңға жуық автогаз бөлінді деген болатын. Тіпті артығымен қалады деген өңірлік энергетика мамандары бұл жолы жауап бере алмады.