Шымкентте 1,5 мыңнан астам тұрғын пробация есебіне алынған. Олар белгілі жағдайға байланысты өз жазасын кейінге шегеруді сұраған жандар. Сондықтан прокуратура шешіміне сәйкес қазір мамандар тіркеудегі сотталушылардың қауіпсіздігін тексеріп жатыр.
Шымкенттік тұрғын Александра былтыр бірнеше адамға үй алып беремін деп сеніміне кіріп, 4 млн теңгеге жуық қаражатын алған. Алайда берген уәдесін орындамапты. Сондықтан сот шешімімен ол 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Оның кәмелетке толмаған 2 қызы бары ескеріліп, жазаның орындалуы 1 жылға кейінге қалдырылған.
«Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша 3 жыл 6 айға сотталдым. Алайда менің кішкентай 2 қызым бар. Сондықтан өтінім негізінде жазамды шартты түрде өтеуге мүмкіндік алдым. Қазір ҚК-тің 74-бабы бойынша жазаны өтеу мерзімі 1 жылға кейінге шегерілді» — дейті Александра (есімі өзгертілді).
Қазір Шымкент қаласында 1500-ден аса тұрғын пробация есебінде тұрады. Оның 12-сі кәмелетке толмаған бала. Қазір сот шешімімен жазасы кейінге қалдырылған сотталушыларға тексеру жүргізіліп жатыр.
«Шымкент қаласы Тұран аудандық пробация қызметі бөлімі есебінде 286 сотталушы бар. Прокуратураның өкімімен пробация қызметі есебінде тұрған тұрғаларды тексеріп, осындай тексеріс барысында әлеуметтік жағдайы төмен болған жағдайда құзырлы органға, әлеуметтік бөлімге хат жолдау арқылы көмек көрсетеміз», — дейді Тұран аудандық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы Айдос Батыршаұлы.
Тұран аудандық пробация қызметі мамандары алдағы 3 күн бойы істі болып, тіркеуде тұрған жандарға тексеру жүргізеді. Ондағы мақсат — сотты болған азаматтарға қажет жағдайда әлеуметтік көмек көрсету. Сонымен қатар тексеру барысында мамандар олардың мінез-құлқы мен қоғамдық ортаға қауіптілік дәрежесін анықтайды.