Шымкентте емхана жанынан үздік тәжірибелік орталық ашылды

79

Шымкентте қалалық №3 емханада үздік тәжірибелік орталық ашылды.

Орталықтың ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Қосиябекұлы, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков қатысты.

Үздік тәжірибе орталығы жұмысының аясында емхана құрылымына көптеген оңды өзгерістер еніп отыр. Атап айтқанда, емханада өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары, Халық кеңесі, тренинг орталықтары, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделі бөлмесі, денсаулық мектептері және жастар денсаулық орталығы өз жұмысын бастады.

Үздік практика орталығын енгізу аясында ағымдағы жылдың шілде айынан бастап «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының эксперт мамандары жоғары деңгейде дәрігерге, мейіргерлерге, әлеуметтік қызметкерлерге, психологтарға және бас дәрігердің орынбасарларына тренингтер өтті. Тренингтер әлеуметтік-бағдарланған модель бойынша көпсалалы отбасы командасының үздік жұмыс тәжірибесі мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек және консультативтік-диагностикалық қызметтер көлемін қамтамасыз ету үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары деңгейінде қаржылық жоспарлау тәсілдері, оның ішінде бірлесіп орындау шарттары тақырыптарында жүргізілді.

Емхананың 103 қызметкері,  оның ішінде 37 дәрігер, 43 орта буынды қызметкер және 23 басқа да қызметкерлер біліктіліктерін арттырды.