Шымкентте тергеу изоляторындағы 29 жастағы күдікті көз жұмды

2

Шымкентте тергеу изоляторында қамауда болған 29 жастағы күдікті қайтыс болды. Ер адам ауруханада жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Шымкент қаласы мен Түркістан облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 262, 287, 307 және 194-баптарында көзделген бірқатар қылмыстарды жасады деген күдікке ілінген ер адам 14 қарашада «Т. Орынбаев» атындағы медициналық мекемеге жеткізілген. Алайда қарашаның 22-сінде күдікті ауруына байланысты қайтыс болған.

«Бұл факт СДТБТ-да тіркелді, барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Айта кету керек, 2022 жылдың шілдесінен бастап қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталған, тергеу-қамауға алынған адамдарды медициналық қамтамасыз ету Денсаулық сақтау министрлігіне берілген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мүддесіндегі өзге ақпараттар жария етуге жатпайды» делінген ведомство мәліметінде.

Марқұм болған күдіктінің анасының айтуынша, 7 айдан бері тергеу изоляторында отырған ұлы қант диабетімен ауырған. Кездесу кезінде баласы инсулин тапшы болып жатқанын айтыпты. Инсулинге тәуелді перзентін үйқамаққа ауыстыруын сұрап, құзырлы органға бірнеше рет өтініш те айтқан екен. Қара жамылған ананың баласының өліміне қатысты айтқан бейнежазбасы Facebook желісінде жарияланды. Ондағы мәліметке сүйенсек, перзенті тергеу изоляторынан ауыр халде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Кейін жансақтау бөліміне жатқызылған. Медицина мекемесінде жатқан ұлын үш қызметкер күзеттеген. Ауыр халдегі күдіктінің қолына кісен тағылып, тіпті жансақтау бөлімінде жатқан кезде темір тормен қоршалған екен. Ондағы дәрігерлер күзет конвойы мен темір тор емдомды жасауға, медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіріп отыр деп жедел тергеу тобының жетекшісіне хат та жазған көрінеді.

Күдіктінің анасы ұлының қайтыс болғанын әлеуметтік желіден бір-ақ естіпті.

Мәйітті жерлеген Шымкент тұрғыны ұлы тергеу кезінде қылмысты мойындату үшін соққыға жығылған болуы мүмкін деген күдігі барын жасырмайды. Айтуынша, денесінің бірнеше тұсында көгерген іздер анық байқалған.

Ұлынан айырылған ана перзентінің нақты неден көз жұмғаны бойынша сараптама қорытындысын күтіп отыр. Қажет болса, эксгумация жасатуға қарсы еместігін айтады.

Айта кетейік, марқұмның артында үш перзенті қалды. Кенжесі небәрі 4 айлық нәресте.