Шымкентте жалақының уақытылы төленбеуіне қатысты шағым көп

73

Шымкентте өндіріс орындары мен ұйымдарда орын алатын заңбұзушылықтың басым бөлігі жалақының уақытылы төленбеуіне қатысты.

Бұған мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына жұмыстан заңсыз шығарылу, тәртіптік шаралармен келіспеу, үстеме жұмысқа белгіленген 120 сағаттан асыра тартылуына байланысты түскен арыз-шағымдардың көптігі дәлел. Осы орайда Шымкенттің бас инспекторы еңбек заңнамасын сақтамаған мекемелерге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша шаралар қарастырылғанын ескертеді.

Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуы бойынша жеке және заңды тұлғалардың 1360 арыз-шағымдарын қарастырып, 277 рет тексеру жүргізген. Нәтижесінде 538 заңбұзушылық дерегі анықталған. Дәл осы фактілер бойынша 14,2 млн теңге айыппұл салынған.

Бауыржан Калжанов, Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

«Негізгі заңбұзушылықтар – жалақының уақытылы төленбеуі. Заң бойынша жалақы өткен кезеңнен кейін ай аяқталғанда келесі айдың 10-на төленуі тиіс. Бірақ кәсіпорындар міндеттерін орындамайды. 20-на, ең болмаса 15-інде немесе төлемей жүреді. Сол кезде қызметкерлер бізге арызданады. Бұл Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің ішінде арнайы осы үшін әкімшілік шара қарастырылған айыппұлға әкеп соғады. Айтып өткендей 14 млн  теңге 538 құқықбұзушылықтың 349-ы жалақыны мерзімінде және толыққанды төлемеуге қатысты».

Есепті кезеңде 60 кәсіпорындағы 978 жұмыскердің 460,3 млн теңге жалақы қарыздары төленген. Қаланың бас еңбек иснпекторы қазіргі уақытта кәсіпорындарда еңбекақы қарыздары жоқ екенін алға тартты.

Бауыржан Қалжанов, Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

«Жұмыс берушілердің заңсыз шешімдері: жұмыстан заңсыз шығару, тәртіптік шаралар көру, тиісті демалыс бермеуі және үстеме жұмысқа тарту. Үстеме жұмыс жылына 120 сағаттан аспауы керек. Яғни, аптасына 2 сағаттан аспауы тиіс. Және үстеме жұмыс үшін 1,5 еселенген айлық төленеді. Мереке күндері кірмейді».

Ағымдағы жылы қаладағы кәсіпорындарда 17 жазатайым оқиға тіркелген, салдарынан 20 адам зардап шеккен. Өндірістерде жарақаттанудың алдын алуға бағытталған жобаларға қала кәсіпорындары да белсенді қатысуда. Атап айтқанда «Халықтық бақылау» жобасы – 18 кәсіпорында, «Тік бақылау» жобасы 12 кәсіпорында енгізіліпті. Нөлдік жарақат тұжырымдамасына 72 кәсіпорын қосылса, 5 кәсіпорынның қызметі декларацияланып, «Сенім сертификаты» тапсырылған.