Шымкентте жыл басынан бері мыңнан астам этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды

18

Шымкентте жыл басынан бері 766 отбасы шет мемлекеттерден көшіп келген. Мыңнан астам этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды. Олардың 612-і ер адам, 584-і әйел. Олардың 400-ге жуығы 18 жасқа дейінгі жастар болса, 93-і зейнеткер, 712-сі еңбекке қабілетті азамат.

Қандастардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан қоныс аударған. Биыл көрші елден 1166 адам көшіп келсе, Қытайдан – 16, Ресейден – 8, Ауғанстан мен Түркиядан-2, Қырғызстан мен Тәжікстаннан 1 адам келген.

«Азаматтар өтініш беруіне байланысты көктем айларынан бастап тұрақты түрде келеді. Жоғары білімді азаматтардың ішінде көпшілігі мұғалімдікті, фельдшерлікті оқығандар. Қандас мәртебесін алу қазіргі уақытта күрделене түсті. Бұған дейін 3 күнде болса, қазір 35 күнге дейін беріледі. Қазіргі уақытта 4 санаттағы азаматтар ғана көшіп келуге құқығы бар», — дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков.

Қандастардың ішінде 121 адам жоғары білімді, 328 орта арнайы, ал 226 азамат жалпы орта білімді. Сала мамандары ҚР заңнамасына сәйкес қандастар мен олардың отбасына 6 ай бойы бейімдеу және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Мәселен, биыл 86 адам жұмыспен қамтылған. 46 азамат «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде білім алған.

Айта кетейік, қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне 240 мың теңгеден, одан бөлек отбасының коммуналдық қызметтеріне 100 мың теңге беріледі. Сондай-ақ азаматтар мемлекеттік грантпен және жұмыспен қамту шараларымен қамтылады.