Шымкенттік компания отандық такси жобасын әзірлеп жатыр

73

Шымкенттік «TOLEM» IT – компаниясы отандық такси-сервисін әзірледі. Жаңа жоба жыл соңына дейін қолданысқа енгізілмек. Мамандар айтулы жоба арқылы отандық тасымалдау саласын жақсартып, тұрғындарға жайлы жағдай жасауды көздеп отыр.

Осыдан бірнеше күн бұрын жүргізушілер әлеуметтік желіде шетелдік такси бағдарламаларының қымбаттығын айтып, жанайқайын жеткізген еді.

Шымкенттік Асхат Ұлан жұмыстан шыққан соң күнделікті бірнеше сағат жолаушы тасымалдаумен айналысады. Алайда ол тапқан ақшасының 20 пайызға жуығын шетелдік такси компаниясы комиссияға алып қалады деп отыр.

«График жоқ бұл жерде. Өзіме ыңғайлы кезде өзім шығып, күніне 2-3 сағат жолаушы тасымалдап қайтамын. Мысалы, мың теңгеге тапсырыс алсам, соның 200-ден көп ақшаны ұстап қалады. Шамаман комиссиясы 17-18 пайыздай болады» – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Асхат Ұлан.

Енді такси жүргізушілері үшін жағымды жаңалық! Жергілікті «Төлем» компаниясы сервис-такси жобасын әзірлеп жатыр. Яғни, шымкенттіктер жақын күндері тасымалдау жұмыстарын отандық сервис арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Ал қала тұрғындары отандық өнімді қашан да қолдайтынын айтады.

«Әрине, отандық өнім жақсы ғой. Керемет қой бұл. Қолданамыз егер қолайлы болса, бірақ яндекс қазір тиімді емес… Тиімді болады. Бірақ әркім өзі үшін әрекет етеді. Мен таксист емеспін, бірақ тұрғын ретінде қолданамын… Әрине, қолдаймыз. Егер арзан болатын болса, біздер үшін жақсы болады. Енді қарайған халықтың бәрінде машина жоқ қой» – дейді қала тұрғындары.

«Төлем такси» мобильді қосымшасын құруға 1 жыл уақыт кеткен. Тиімді жобаны жүзеге асыруға еліміздің үздік ІТ мамандары шақырылыпты. Жауапты компания директоры жоба комиссиясын қолданушылардың өзі таңдайтынын айтады.

«Төлем такси»-де 3 шарт болады. Оның біріншісі: жүрген жолдың немесе қызмет құнының біршама пайызын ұстайды. Екіншісі: белгілі бір күнге немесе аптаға төлем жасайды. Үшіншіден: 1 айлық тариф болады. Соны төлесе, 1 ай бойы қанша ақша тапса да, сол тариф құнымен шектеледі. Тұрғындар қалағанын таңдайды. Бұл тиімді болады деген ойдамын. Жергілікті тұрғындар жүйенің дұрыс жұмыс істеп кетуі үшін қолданса екен» – дейді Tolem IT компаниясының бас директоры Сержан Ақылбаев.

Мобильді қосымша 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілмек. Әзірге жобаға 2GIS картасы қолданылады. Ал алдағы уақытта мамандар жеке карта жасау жоспарда бар екенін жеткізді. Сонымен қатар  алғашқы уақытта қолданушыларға жеңілдіктер жасау да көзделген.