Тест тапсырушыға өзгеше “әдіспен” көмектеспек болған

Әлеуметтік желіде Шымкенттегі мамандандырылған ХҚКО-да орын алған оқиғаның видеосы тарап кетті. Онда жүргізуші куәлігін алу мақсатында тест тапсырып отырған азаматқа бөгде адам бөлме сыртында тұрып көмек көрсеткен. Емтихан тапсырушыға қабырғаны тақылдату арқылы белгі беріп, жол көрсеткен адамның әрекеті бейнебақылау құрылғысына жазылып қалған.

Оқиға 31 қазанда болған. Мамандар бұл жайт, көлік жүргізу ережелерінің жаңа жүйесі арқылы анықталып отырғанын айтады. Бейне жазбада үміткерге емтихан тапсыруға түрту арқылы көмек көрсетілгені естіліп, оның терезеге жиі бұрылғаны көрсетілген. Нәтижесінде тапсырушы емтиханнан өткен жоқ.

Руслан Қозғамбаев, №2 мамандандырылған ХҚКО бөлім басшысының орынбасары: “Клиент тест тапсыру кезінде біздің қызметкерлер тарапынан күдік туғызды. Осыған байланысты біз тексеру жүргізіп, клиентті өткізбей және 3 айға дейін тапсыруға тыйым салдық. Қазіргі таңда бізде жаңа жүйе іске қосылды ПДД-3.0 деген. Ол жерде бейне және аудио жазба жүргізіледі. Біздің қауіпсіздік қызмет тексеру жүргізіп жатыр”.

Ал сыртта «көмек» берген адам туралы және видеоны әлеуметтік желіге таратқандар жөнінде ХҚКО қауіпсіздік қызметі мамандары тексеру жүргізіп жатыр. Мұндай факті Шымкент қаласында алғаш рет орын алғанымен жаңа жүйе іске қосылғалы ел бойынша дәл осындай бұзушылықтардың 50-ден астам жағдайы анықталған.