«Тілдеріңді жұлып аламын»: Желіде білім беру орталығындағы жиналыстың аудиосы тарап кетті

742

Әлеуметтік желіде Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты қосымша білім беру орталығында өткен жиналыста жазылды делінген аудиожазба пайда болды. Автордың мәліметінше, бұл жиналысты орталық директоры Гүлнар Ахметбекова өткізген.

Аудиожазбада қосымша білім беру орталығының директоры делінген әйел адамы қызметкерлеріне ашуға булығып сөйлеп, таныстары жеткілікті екенін, тіпті қоластындағыларға «тілдеріңді жұлып аламын» дегенді айтады.

«Мені тыңдап алыңдар! Сендердің солай айтып жүрген ауыздарыңнан менің басқа жерім таза, артым таза менің сендердің ауыздарыңнан. Ұятсыздар! Мені білмейді дейсіңдер ме? Менің қолымда «печать» тұрғанда  мен басшы ретінде өзімнің дегенімді істеймін. Ешкімді тыңдамаймын. Басқарма басшысы болса да, әкім болса да, прокурор, сот болса да маған бәрібір. Мен де осы жерде жайдан жай отырған жоқпын. Менің де таныстарым жетеді. Мен өсірсем өзімнің өсіретініме, өшірсем өшіретініме жауап бере алатын адаммын»,-дейді ол.

Бұдан өзге аудио кейіпкері жаңадан келген қызметкер өзіне ұнап жатса, оның жастығына қарамастан бөлім басшы етіп тағайындайтынын ашына айтады.

«Егер жаңадан келген адам маған ұнап жатса, оның жастығына да, бастығына да, бірінші келген неге де қарамаймын. Бөлім басшысы етіп қоямын. Түсінікті ме? Оны мен шешемін.  Мен тапсырма беремін, ол орындайды. Ол орындалады, бөлім басшысы болады. Түсінікті ме?? Ауыздарыңды, тілдеріңді жұлып аламын»,-дейді ашуға булыққан ол.

Желі қолданушылары орталық директоры делінген адамның бұл қылығы бейәдеп екенін алға тартты.

«Мөрді алып қойса не болады екен?», «Этика, эстетика білмейді», «Қайдан шыққан батыр? Ұятсыз өзі екенін түсінбей тұр-ау», «Тақ пен табыттың иесі болмайды», «Бұндайлар көп қой. Таң қалатын нәрсе емес», «Көше стилінде сөйлейді екен», «Қатаң түрде заң қолдану керек», «Педагогикалық әдеп заңы бар ғой», «Сен кімсің соншалықты?», «Крышасы» мықты болып тұр ғой» деп жазды желідегілер.

Бұл аудиоға қатысты қалалық білім басқармасындағылар пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда орталық директоры денсаулығына байланысты еңбек демалысында екен.

«Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты қосымша білім беру орталығы басшысына байланысты әлеуметтік желіде жарияланған материалдарға байланысты тиісті зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытты орталық басшысы денсаулығына байланысты демалыста екенін мәлімдейміз. Алдағы уақытта басқарманың баспасөз маманы тарапынан толық мәлімдеме жасалатынын хабарлаймыз» делінген басқарма баспасөз қызметінің мәліметінде.