Тұран ауданына қарасты Ақтас және Ақтас-2 шағынаудандарына табиғи газ берілді. Нәтижесінде 1000-нан астам абонент көгілдір отынға қол жеткізеді. Енді ауданда газға қосылмаған 3 елдімекен қалды. Оларды 2025 жылға дейін толық қамту жоспарланған.
Ақтас-2 шағынауданының тұрғындары үшін үлкен қуаныш! От жағып, көмірмен күнелтіп келген халықтың қолы ұзарды. Шағынауданға табиғи газ берілді. 75 жастағы қария Асан Таженов енді балалардың жұмысы жеңілдейтін болды деген қуанышын жасырмайды. 40 жыл дегенде көгілдір отынға қол жеткіздік деген ақсақал қытымыр қыста келіндер көпжылдық бейнеттен құтылатын болды деп отыр.
«Құдай ұзағынан сүйіндірсін. Мына жағы Алатауға, мына жағы Қаратауға жеткен газ бізге енді келді. 40 жылда шулап жүріп жетті. Малымыз бар, малдың тезегін жағып, көмір алып, сонымен қыстап шығатынбыз. Газ келді, енді жұмысымыздың бәрі жеңілдеп, келген келіндерге рахат болатын болды«, — дейді қария.
Тұран ауданында Ақтас және Ақтас-2 шағынаудандары табиғи газ желісіне қосылып, тұрғындар қуанышқа бөленді. Көгілдір отынға қосу жөніндегі жобаны іске асырудың нәтижесінде 1000-нан астам абонентке газ жеткізілді.
Боранбай Болатбеков, Тұран ауданының әкімі:
«Біз қазір 4 елді мекенге беріп жатырмыз. Биыл аудан бойынша көрсеткішіміз 98 пайызға артады. Қалып отырған үш елдімекеніміз бар. Құрсай мен Жаңаталап елдімекендерінде газ бар, бірақ қасындағы құрылыстарының жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, 2024 жылы құрылысы басталады. Бізде сонда газсыз отырған тек – Айкөл елдімекені. Оны 2025 жылға жоспарлап отырмыз.»
Шағынаудандарда 2021 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2022 жылы мердігер мекеме тарапынан толық аяқталды. Қазіргі таңда Ақтас және Ақтас-2 шағын аудандарының ішкі жүйелеріне «ҚазТрансгаз» АҚ тарапынан газ беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ермек Қалдығұлов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалының директоры:
«Бүгін өте мерекелі күн! Ақтас-2 елдімекеніне газ беріліп жатыр. Газ ұзағынан жансын! Осы тұста қауіпсіздік ережесін міндетті түрде сақтау қажет. Болашақ тұтынушыларымыз келіп, техникалық талапқа арыз жазады. Содан кейін біз техникалық талап береміз. Техникалық талапта бүкіл шаралар көрсетілген. Соған сай лицензиясы бар мекемелермен міндетті түрде шарт арқылы келісім жасасып, шарбаққа дейін жеткізілген мемлекеттік газ құбырын үйіне дейін тартып алады.»
Мамандар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды, газды заңсыз, өздігінен қосуға болмайтынын ескертеді. Егер талапқа сай болмаған жағдайда түрлі қауіпті жағдай орын алуы мүмкін.
Айта кетейік, Тұран ауданы 2025 жылы табиғи газбен толық қамтылады деп жоспарланып отыр.