Республика бойынша жылу желілерінің орташа тозуы шамамен 54%-ды құраса, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 80 қалада бұл көрсеткіш 92%-ға дейін жеткен. Ашығын айтсақ бұл апатты жағдай болып есептеледі. Яғни, салада жабдықтардың тозу деңгейі 65%-тен асса, кез келген сәтте төтенше оқиға болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет саладағы мәселелерді шешудің түрлі жолдарын қарастырып жатыр.
Айталық Қазақстанда инвестиция тарту арқылы муниципалдық инфрақұрылымды жаңғырту көзделген. Арнайы бағдарлама әзірленген. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы деп аталады.
Биыл осы бастама арқылы салаға 267 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның үштен бір бөлігі облыстағы кәсіпорындарды тікелей жөндеуге және жаңғыртуға арналған. Бұдан бөлек, 62 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту үшін 3 трлн теңге тарту көзделген. Бірақ мұның өзі 2029 жылға қарай желілердің тозуын 20%-ға дейін ғана төмендетуге жетеді. Тұтынушылардың коммуналдық қызмет құнын уақытылы төлемеуі де тозған инфрақұрылымды жөндеу мен жаңғыртуға кедергі келтіріп отыр. Коммуналдық төлемдер үшін қарыз 62 млрд теңгеге жеткен.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, еліміздегі барлық ЖЭО-ның орташа жасы 61 жыл. Тіпті, 1930 жылдары салынғандары да бар көрінеді. Олардың тозу көрсеткіші шамамен 66% болса, жылу желілерінің 80%-ға жуығы ескіріп кеткен.
Қазақстан бойынша 37 ЖЭО бар. Министрлік өкілдері олардың 4 пайызы қысқа дайындық паспортын әлі алмағанын айтады. Бірақ соған қарамастан жылу беру маусымын бастап кеткен.
Елдегі барлық энергетикалық инфрақұрылымды толықтай жаңарту үшін мемлекет инвестиция тартудан бөлек, тариф бағасын көтеруге көшкен. Биыл коммуналдық тарифтер тағы 30% өсті. Сарапшылар, Үкімет мұндай қадамға амалсыздан барып отырғанын айтады. Себебі тариф бағасын көтермесе елдегі тозған коммуналдық жүйе техногендік күйреуге тап болуы мүмкін.
Мирас Зеріпбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары:»Бұл қызметті пайдаланатын нақты тұтынушылар. Инвестиция тартылған жағдайдың өзінде 3-4 жыл каникул болады, демалыс алады. Одан кейін ол ақшаны қайтаруымыз тиіс. Ол ақшаның қайтарылуы сол тариф арқылы жүзеге асырылады».
Үкімет тарифтен түскен қаражат пен инвестицияны ұтымды пайдаланса, энергетика саласы дағдарыстан құтылар еді дейді сарапшылар . Мемлекет модернизацияға сеп болар деп соңғы он жылда тарифті 10-20 пайызға өсірді. Бірақ саланың түбегейлі жаңарар түрі жоқ. Ескіні жамап-жасқап әлі қанша қысты өткізеріміз белгісіз.