Жылыту маусымына немқұрайлы қарамаңыздар-ТЖД

20

Шымкенттік құтқарушылар жыл басынан бері дабыл бойынша 2656 оқиға орнына шығып, 290 адамды апаттан құтқарған. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Шымкентте биыл тұрғын үй секторларында 180 өрт оқиғасы тіркелген. 34 жағдай отты абайсызда қолдану, 13 оқиға қасақана өртеу салдарынан, ал қалған жайттар электр сымдарының тұйықталуынан орын алған дейді мамандар. Сонымен қатар газ құрылғыларын пайдалану талаптарын сақтамау салдарынан болған 7 улану фактісінен 14 адам зардап шеккен.

Еркін Отарғалымұлы, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары: «Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтайық. Жауапты болайық!  Өкінішке орай, бүгінгі таңда статистика жылдан жылға тұрмыстағы өрттердің азаймай тұрғанын көрсетіп отыр. Екінші мәселе жылыту маусымына тілге тиек етпеу мүмкін емес. Яғни, бұл  газ мәселесі. Осы бейбіт заманда адамдарымыз жарақат алып, дәл осы табиғи газдан улану фактілері жиілеп барады. Бұның барлығы немқұрайлылықтан. Қолданыстағы талаптарды елемей, сақтамай, өз бетімен кәсіби білікті мамандарды тартпай, газ қондырғыларын орнату».

Төтеншелік мамандар осындай жайттардың алдын алу мақсатында адам көп шоғырланған орындар мен жеке секторларды аралап, халыққа өрт қауіпсіздігі және газдан улану бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Осы орайда 3 мыңға жуық адамға қауіпсіздік шаралары бойынша 73 жиын ұйымдастырған. Қауіпсіздік шараларын елемеу, балалрды қараусыз қалдыру, газ мұржасын уақтылы тазаламау, мас күйде темекі шегу қайғылы жағдайлардың орын алуына түрткі болады дейді жауаптылар.

Еркін Отарғалымұлы, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:  «Ақпаратқа сәйкес қала аумағындағы  10 мыңнан астам үй көмірмен жылынады. Аталған үйлерде құбылмалы ауа райы кезінде улану факторы жоғары. Сол үшін құдықтар, түтін шығатын мұржалар міндетті түрде тазалаңыздар. Кейін аталған жұмысты  3 айда 1 рет өткізіліп тұру керек. Жылыту пештерін орнату кезінде оларды қараусыз қалдырмаңыз. Оларды бақылауды балаларға тапсырмаңыз. Балаларды үйде қалдыру мәселесі де өршіп тұр».

Сондай -ақ, мамандар көмір пештен немесе газдан улану фактісін сезінген жағдайда, дереу бөлмені желдетіп, 102 немесе 103 телефонына хабарласып, көмек шақыру қажет дейді. Ал өзін нашар сезінген отбасы мүшесін таза ауаға шығаруға ұмтылу керек.

Айта кетейік, бүгінде қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен, осал топтағы отбасыларға газдан улану және өрт жағдайына байланысты баса назар аударылуда. Осы мақсатта оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 80 отбасыға  газдабылқаққыш құрылғысы тегін орнатылды дейді төтеншеліктер.