«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы өтеді

0

Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акция жүргізіледі. Шара мақсаты – тұрғындар арасындағы заң бұзушылықтардың алдын алу. Себебі қалада отбасындағы жанжал бойынша соңғы жарты жылдың ішінде 3000 жуық әкімшілік хаттама толтырылып, 66 іс сотқа жолданған.

Шымкентте «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» шарасы басталады. Соған байланысты әйелдер құқығын қорғап жүрген жандар жиналып, өз ұсынысын жеткізді. Соның бірі – Баян Жандосова. Ол қала шетінде орналасқан шағын аудандарда тексерісті көбейту керектігін айтады. Сөзінше шет жақта пәтер жалдаушылар арасында отбасылық жанжал көп шығады.

«Мен біріншіден тұрмыстық зорлық-зомбылық көп кездесетін отбасылармен кезекші полицей мен дәрігердің бірлесе жұмыс істеуін ұсындым. Екіншіден, агрессорды бірден қамауға алу керек. Өйткені оны қамамасы, әйелі мен баласына қауіп төндіре береді. Заңдағы өзгеріс бойынша қазір агрессорды бірден қамауға алу туралы шешім бар. Бұл – өте дұрыс. Өйткені балалардың амандығы маңызды. Олар үйінда аман-сау отыру керек» – дейді Әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жолдасова.

Ал үшінші мегаполисте тұрмыстық зорлыққа қатысты соңғы жарты жылдың ішінде 3 мыңға тарта әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде 400-ден аса азамат қамауға алынса, 66 іс соттың қарауына жіберілген. Сондықтан мамандар мұндай шараның маңызы зор деп отыр.

«Іс-шараның мақсаты – Шымкент қаласының аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың болуын азайту және жолын кесу. Отбасының қоғамдағы рөлін нығайту бағытындағы ауқымды жұмыстар атқарылады. Атап айтқанда, 25 қараша мен 10 желтоқсан арасында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы өтеді. Бәріңізді белсенді болуға шақырамын» – дейді Шымкент қаласы ПД ЖПҚБ бастығы Ұлықбек Мылтықов.

Айта кетейік, биыл 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі үшін жауапкершілік күшейген еді. Сала жауаптылары заңға әлі де өзгерістер енетінін жеткізді.