Алтынай Боранбай: Ауадай қажет тәжірибені Tech Orda бағдарламасынан алдым

2117
Алтынай Боранбай

Бүгінгі жаһандану заманында ақпараттық технологиялардың қыр-сырын еркін меңгерген, бағдарламалау жүйесінің жұмысын жақсы білетін мамандардың бәсі биік. Олардың қатарын арттыру мақсатында ҚР ЦДИАӨМ мен Astana Hub бірлесіп, Tech Orda бағдарламасын ұсынып отыр. Мұнда ІТ саласы бойынша жылдам және тиімді білім алуға ниетті жастарға тегін оқуға мүмкіндік беріледі. Сондай мүмкіндікті қалт жібермей, грант иегері атанған жандардың бірі – Алтынай Боранбай. Биыл ғана қолына диплом алса да, қазірдің өзінде алдыңғы қатарлы қаржы институттарының бірінде еңбек етіп жүрген жас маманмен аз-кем тілдесудің сәті түсті.

– Алтынай, қоғамда «бағдарламашы мамандығы – ер азаматтарға тән сала» деген пікір бар. Бұған не дейсіз? Жалпы, қаршадай ғана қыз неліктен жүгі зор мамандықты таңдады?

– Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ физика, математика пәндеріне қатты қызықтым. Есептерді шешу, олардың дұрыс жауабын табу қатты ұнайтын. Сондықтан болашақ мамандығымды осы пәндермен байланыстырдым. 11-сыныпқа аяқ басып, кәсіби бағытты таңдайтын сәт туған кезде еңбек нарығына шолу жасадым. Қазіргі уақытта жоғары сұранысқа ие, әлеуеті зор, келешегі бар мамандықтардың тізбесін түздім. Сөйтіп, ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып жатқанын байқап, оның жан-жақты бағыты барын ескеріп, ІТ-саласына таңдауым түсті. Мұнда жоғары білікті маман ретінде өсіп-өркендеуге мүмкіндік көп. Себебі ІТ сан түрлі саланы қамтиды. Ол білім мен денсаулық, әлеуметтік қорғау мен саясат, қаржы мен өнеркәсіп сынды маңызды бағыттардың бәрінде бар. Сол жүйелердің қалтқысыз жұмыс істеуіне, оған жаңашылдықтарды енгізуге үлес қосқым келеді. Ал ерлерге тән мамандық дегенге келер болсақ, меніңше қыздардың да қолынан бәрі келеді. Сондықтан бұл ретте бөліп-жарудың еш керегі жоқ.

– Ал Tech Orda бағдарламасы туралы қайдан білдіңіз? Неліктен осы бағдарлама бойынша білім алуға бет бұрдыңыз?

– Әлеуметтік желілерден Tech Orda бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдау жүріп жатқанын көзім шалып қалды. Бір сәтке де ойланбастан, бағымды сынап көруге бел будым. Себебі бұған дейін аталған бағдарламаның берері мол екенін оқып, көрген едім. Сәті түсіп, грант иеленіп, қатысушылардың қатарына қосылдым. Университет қабырғасында негізінен теориялық білімге ден қойылады. Ал маған тәжірибелік жұмыстардан өту маңызды еді. Ширай түсуім үшін, саланың тереңіне үңілу үшін тәжірибе ауадай қажет болды. Оны осы Tech Orda бағдарламасы аясында QWANT ІТ-мектебінен алдым.

– Бағдарламаның басым тұстары қандай?

Біріншіден, ыңғайлылығын атап өтер едім. Яғни, белгілі бір уақытқа, орынға «байланып» қалудың еш қажеті жоқ. Онлайн форматта берілген тапсырмаларды орындап, есептерді шығардық. Аптасына бірнеше рет менторлармен ZOOM платформасында бас қосып, туындаған түйткілдерді тарқатудың жолдарын талқыладық. Білікті жетекшілер бағыт-бағдар көрсетіп, жөн сілтей білді.

Екіншіден, үздіксіз ізденуді үйрендім. Бұл жерде мектеп пен университеттегі сияқты үйренуің тиіс нәрсені ешкім «шайнап бермейді». Есептерді шешудің жолдарын іздеу барысында жаңа білім өздігінен-ақ жолыңда жолығады. Сол арқылы көпті үйренесің. Бір есепті шешудің нәтижесінде мол білім мен тәжірибе жинақтайсың.

Үшіншіден, қызығушылығы ортақ азаматтармен ой бөлісу, пікір алмасу өте пайдалы болды. Сабақ барысында қазақстандық қатысушылармен қатар, шетелдік мамандарды да біріктірген чат жұмыс істеді. Сол халықаралық чатта да әлемнің өзге елдерінде IТ саласында еңбек етіп жүрген мықты мамандар тәжірибесімен бөлісті. Сөйтіп жүріп, алты айдың қалай өткенін де аңғармай қалдық. Бағдарлама аяқталған соң білімді шыңдағанымызды айғақтайтын куәлік берілді. Тізе берсек, оң тұсы көп. Бастысы, мен тәжірибелік білімді жетілдіре түстім. Сол үшін қуаныштымын.

– Жоғары оқу орнын биыл ғана аяқтағаныңызды айтып қалдыңыз. Қазір қай мекемеде жұмыс істейсіз? Бағдарлама барысында алған білімнің қызметке орналасарда пайдасы болды ма?

Tech Orda бағдарламасы басталған тұста мен халықаралық компаниялардың бірінді тәжірибеден өтіп, қосымша дипломымды жазып жүрген едім. Бағдарлама да, оқуым да аяқталып, қолыма диплом алған соң ойымдағы жұмыс орнын қарастыра бастадым. Түйіндемеге Tech Orda түлегі екенімді де көрсеттім. Қазіргі қызметім – «ХоумКредитБанк» компаниясына барғанда осы бағдарламаға қатысу тәжірибем туралы сұрастырды. Сондықтан жұмысқа алар тұста сол да маңызды рөл атқарды деп ойлаймын.

– Қазіргі қызметтегі міндетіңіз қандай?

Мен дата-сарапшы болып еңбек етемін. Ауқымды мәліметтерді жинақтап, өңдеп, кейін солардың негізінде оңтайлы шешімдер ұсынамын. Осы бағытта тәжірибе жинап, кейін data science бағытына бет бұрсам деген ойым бар. Себебі оның ауқымы анағұрлым үлкен. Мұнда мәліметтерді өңдеумен шектеліп қалмай, модель құрастырып, болжам жасауға мүмкіндік бар.

– IT саласындағы білімін тереңдетуге ниетті замандастарыңызға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

Мен сияқты «Tech Orda» бағдарламасынан өтуді ұсынатын едім. Себебі ол – технология «тілін» еркін меңгерудің тегін тиімді тетігі. Жоғарыда аталған data-ның бағыттарын осы бағдарламаның сабақтарында егжей-тегжейлі түсіндім. Енді ол қазіргі қызметімде жұмысымды жүйелендіре түсу үшін оң әсерін беруде. Бүгінгі таңда ІТ саласының қарыштап дамып жатқаны баршаға белгілі. Аз уақыт аралығында тың технологиялар ойластырып, жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Оның ар жағында білікті мамандар тұр. Сіз де сондай мықты маман атануды қалап, ірі жобаларды іске асыруды қаласаңыз, Astana Hub ұсынып отырған мүмкіндікті қалт жібермеңіз дер едім. Шынымен, бұл тегін бағдарламаның берері мол.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айта кетейік, Tech Orda – Қазақстанның жекеменшік мектептерінде IT мамандарын даярлауға бағытталған бірегей бағдарлама. Оның аясында әр студентке 600 мың теңгеге дейін грант қарастырылған. Биыл еліміздің алдыңғы қатарлы 83 жеке ІТ мектебі 219 курс ұсынып отыр.

Оқу курстарына 18-45 жас аралығындағы кез-келген қазақстандық азамат қатыса алады. Олар сабақ барысында веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн, бағдарламалық қамтамасыз ету, мобильді қосымшалар жасау сынды бағыттар бойынша білім алады.

Бағдарлама басталған 2021 жылы 100 студент қамтылса, былтыр 3 мыңнан астам адам тегін оқуға ваучер алды. Биыл да осынша адамның ІТ саласында білім алуына жағдай жасалып отыр.

Корпоративный фонд "Международный технопарк IT-стартапов "Astana Hub". БИН 120640017416