Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов күні кеше мақтааралдық әлем чемпиондары мен жүлдегерлерді жеке қабылдады. Спортшы жерлестеріміздің қатарында Арменияда бокстан жасөспірім қыздар арасында өткен Әлем чемпионатында 66 келі салмақ бойынша чемпион атанған Мұхит Айсұлу да бар.
Жиында аудан басшысы еліміздің көкбайрағын желбіретіп, әнұранын ойнатып, еліміздің даңқын асырған жас спортшыларға шынайы алғысын білдіріп, сый-сияпатын табыстады.
«Биыл Мақтаарал ауданында спорт саласы үшін табысты жыл болды. Мемлекетіміздің спортты қолдауының арқасында үлкен Спорт сарайын және шағын спорт алаңшаларының құрылысын жүргізіп, пайдалануға бердік. Міне, соның арқасында өздеріңіз үлкен нәтиже көрсетіп, еліміздің көкбайрағын желбіретіп отырсыздар. Еңбекқорлық, табандылық, жоғарғы спорттық шеберлік және қажымас кайрат танытып, халықаралық, әлемдік додаларда еліміздің мерейін үстем ете білгендеріңізге шынайы алғысымды білдіремін!» — деді, Бақыт Насырханұлы.
Айта кетейік, аудан әкімі марапаттаған спортшылардың қатарында ағымдағы жылдың 24 тамызы мен 3 қыркүйек күндері аралығында Алматы қаласында Қол күрестен жас жеткіншектер арасында өткен 44-ші Әлем чемпионатында 65 келі салмақ дәрежесінде оң қолда ІІ орын алған Бақдәулет Серікбай, 80 келі салмақ дәрежесінде оң қолда ІІІ орын алған Қанат Мырзабековтар бар.
Сонымен қатар, 19-22 қараша күндері Өзбекстан Республикасы Самарқанд қаласында қол күрестен жас жеткіншектер арасында өткен Азия Кубогінде 60 келі салмақ дәрежесінде сол қолда І орын және оң қолда ІІІ орын алған Нұркен Аққұлы, 80 келі салмақ дәрежесінде сол қолда І орын алған Еркебұлан Ергеш, 70 келі салмақ дәрежесінде сол қолда І орын алған Бақдәулет Қаламбай, 90 келі салмақ дәрежесінде оң қолда І орын және сол қолда ІІІ орын алған Еркебұлан Дауылбаевтарды да аудан басшысы марапаттады.