Ең төменгі жалақы мөлшері қалай есептелгені дұрыс?

28

Қазақстандағы ең төменгі жалақы еңбек өнімділігі мен орташа жалақыдан есептелетін болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде айтылды. Сарапшылар медианалық жалақы негізінде ең төменгі жалақы шамамен 100 мың теңгені құрауы мүмкін деп топшылайды. Бірақ экономиканың әр секторындағы Еңбек өнімділігі қалай есептелетіні әлі белгісіз.

Қазақстанда ең төменгі жалақы жаңа тәсілмен есептелмек. Келер жылдан бастап 85 мың теңге, кейіннен тағы көтерілуі мүмкін. Еңбек министрлігі жалақы есептеудің жаңа тәсілін енгізбек. Оны әзірлеуге кәсіподақ өкілдері , жұмыс берушілер қауымдастығы және жұмысшылардың өздері қатысады.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: «Бұл әдістеменің негізгі мақсаты -медианалық жалақы мен Еңбек өнімділігі қолданылады. Ол бүгінгі күнге дейін болмаған нәрсе. Тиісінше, Қазақстанда қандай еңбек өнімділік болатынына, медианалық табыс қандай болатынына байланысты ЕТЖ өзгереді».

Экономистердің сөзінше, әлемдік тәжірибеде төменгі жалақы халықтың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қажетті мөлшерде сақталады. Яғни, коммуналдық төлемдер, азық-түлік сатып алу, дәрі-дәрмек және киім-кешек алуға жетерлік. Бүгінде елімізде Ең төменгі жалақы орташа жалақыдан 5 есе төмен, 70 мың теңге мен 365 мың теңге. Оған өмір сүру тіпті мүмкін емес. Жаңа жүйе енгізілген соң ең төменгі жалақы мөлшері көтерілуі мүмкін.

Арман Байғанов, экономист: » Менің ойымша, еңбек өнімділігіне қарай емес, медианалық табысқа қарай жасалу керк. Егер орташа медианалық табыс 200 мың болса, ең төменгі жалақы 100 мың немесе одан жоғары болуы мүмкін».

Мамандардың сөзінше, қазіргі уақытта еңбек өнімділігін есептеу қалай жүзеге асатыны түсініксіз. Экономист Марат Абдурахмановтың айтуынша, ЕТЖ көрсетілген аймақ пен балалар санына қарай есептелу қажет. Егер солтүстік бір отбасы 3 адам өмір сүрсе, оңтүстік аймақта жанұяда 6 адам тұрады. Яғни, сумма да өзгеру керек.

Марат Абдурахманов, экономист: «Елімізде ең төменгі жалақы 230 мыңнан жоғары болса, оған азық түлік, баспана, коммуналдық төлемдер, балалардың қажетіне жұмсалады».

Мамандардың айтуынша, ең төменгі жалақыдан сауықтыру шығындары мен жинақ шотына кем дегенде 10 пайызы салыну керек. Ондай болмаған жағдайда адамдар қарызға батып, несие алып, артық қаражатсыз жүреді.