Балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасауға ықпал ететін тағы бір фактор – жергілікті атқарушы органдардың қолайсыз отбасылармен проблемаларды тиімсіз шешуі. ІІМ-нің тарапынан профилактикалық әсер етудің қолданыстағы тетіктері тек жазалаушы сипатқа ие, бұл балалардың жағдайын одан әрі ушықтырады. ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында осылай деді.
Оның айтуынша, жыл сайын балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 6 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Полицияның ұсынуы бойынша 700-ге жуық ата-ана құқықтарынан айырылады. Алайда, оның пайда болуына әсер еткен әлеуметтік мәселелердң шешпес бұрын, қылмыспен күресудің күштік әдістері күтілетін нәтиже әкелмейтіні белгілі.
«Бұл ретте отбасындағы қолайсыздық – ішкі істер органдарының құзыретінен тыс шешілетін әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы проблема. Қолайсыз отбасылардағы жағдайды сауықтыру үшін кәмелетке толмағандардың тұрмыстық мәселелерін шешу бойынша кешенді әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ олардың медициналық-психологиялық қызметтер алуы қажет. Мүдделі мемлекеттік органдарға осындай отбасыларға көмек көрсету туралы тиісті хабарламалар жолданды», – деді спикер.
Балалардың құқықтарын қорғау мақсатында ІІМ осы салада қабылданып жатқан шараларды үнемі жетілдіріп отырады. Мәселен, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтарды ерте анықтау мақсатында арнайы іс-қимыл алгоритмін әзірленді. Алгоритм полиция қызметкерлерін балаларға жақындары тарапынан зорлық-зомбылық жасалғаны туралы әрбір хабарлама бойынша дереу қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, сондай-ақ әкімдіктер жанындағы ведомствоаралық мобильді топтарға көмек көрсету үшін хабарлауға міндеттейді. Бұл топтарға бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, мүдделі мемлекеттік органдар, учаскелік полиция инспекторлары кіреді.
«Балалардың құқықтарын бұзу фактілеріне жедел ден қою үшін Whatsapp-чаттар құрылды. Тәрбие жөніндегі міндеттерін атқармайтын 6 мыңнан астам ата-ана анықталып, есепке қойылды. Алгоритмге сәйкес ақпарат қорғаншылық және қамқоршылық органдарына және Бала құқықтары жөніндегі уәкілге берілді. Балалар «Балалар үйіне» орналастырылды», – деді ӘПК төрағасы.
Айта кетерлігі, жұртшылықтың қатысуымен жүргізілген іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 3720 кәмелетке толмағандардың 3714-ін анықтады. Олардың барлығы ата-аналарына қайтарылды. 6-ның іздестіруі жалғасуда. Қазіргі уақытта ведомство Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаны қатаңдату мәселелерін пысықтауда.