«Кәсіпке бағыт»: 50 шымкенттік жас оқуын аяқтап, өз бизнесін жүргізіп отыр

33

Шымкент қаласында кәсіпкерлердің құзіреттілігін арттыруға бағытталған «Мен-кәсіпкер» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Бүгінде жобаның «Кәсіпке бағыт» тармағы бойынша 50 кәсіпкер оқуын аяқтап, сертификат алды. Олар қазір мамандардың сүйемелдеуімен бизнесін дөңгелетіп отыр. 

Гүлсәуле Қасым өзінің тігін цехын ашып, 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол «Кәсіпке бағыт» бағдарламасы арқылы оқып, білімін арттырып өз бизнесін дөңгелетуде. Жас кәсіпкер 35 жасқа дейінгі жастарға арналған 2,5 пайыздық шағын несие алып, цехқа қажетті бұйымдарын сатып алыпты.

«Кәсіпке бағыт бағдарламасы бойынша онкүндік оқудан өттім. Ол оқуда біз практика жүзінде жұмыс жасадық. Матаны қалай таңдау керек, цех болып қалай жұмыс жасау керек, жұмысшыны қайдан табу керек, айлықты есептеу, бәрін үйретті«, -дейді кәсіпкер Гүлсәуле Қасым.

Ал 32 жастағы Ақниет Ибраимова дәл осы бағдарлама арқылы сертификатталған маман атанып, өзінің кофе бизнесін ашқан. 5 баланың анасы бұл кәсіпті ашуды 2020 жылдан бастап ойға алғанын айтады. Кәсіп иесі сүйемелдеуші мамандардың көмегімен 4 айға жуық уақыттың ішінде жұмысын жүргізіп, табысқа шыққанын айтады.

«2,5 несие бағдарламасымен алуға болатынын білдім 5 млн өтініш жазып, ұтып алдым. Өзімнің армандарымның бірі орындалды деп ойлаймын. Өйткені біз 2020 жылдан бастап осындай бір бизнес ашамыз деп ниеттенген едік. Арманымыз орындалды. Келушілер саны күн санап өсуде», — деді Ақниет Ибраимова.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында ел аумағында кәсіпкерлердің құзыреттілігін арттыруға бағытталған «Мен — кәсіпкер» жаңа тетігі іске қосылды. Жоба бірнеше саланы қамтиды. Мәселен, «Кәсіпке бағыт» тармағы бойынша шағын және орта бизнес субъектілері үшін біліктілікті арттыру және салалық оқыту жүргізіледі.

Бауыржан Бердалиев, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары: «Жастарға 2,5 пайыз несие алуға көмектеседі. Тұрғындар бизнес-план жасау көмегіне жүгінеді. Ондай көмек түрлері тегін көрсетіледі. Нәтижесінде, кәсіпкерлердің көбісі осындай жеңілдікке қол жеткізіп отыр. Бізде «Мен кәсіпкер» ұлттық жобасы бар. «Кәсіпке бағыт» деген құрал бар. Соның аясында биыл 3 курс оқып аяқталды«.

Шымкент жастары «Кәсіпке бағыт» тармағында үш бағытта, нақтырақ айтқанда,
кофе бизнесі, тігін өнері, және дитейлинг салалары бойынша білімін арттырды. 50 жас кәсіпкер қазіргі таңда мамандардың жан-жақты сүйемелдеуімен бизнесін дөңгелетіп отыр. Жоба келер жылы да жалғасады. Айта кетейік, «Кәсіпке бағыт» аясында өтетін курстарға жеке кәсіпкерлерге қатысу тегін. Ал оқыту аяқталған соң, бітірушілерге сертификат беріледі.