Келесте тағы бір Халықтық театр құрылды

34

Келес аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Күлкі терапиясы» әзіл-сықақ театрына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Бұйрығымен «Халықтық» атағы берілді. 2018 жылы құрылған театр ұжымында мәдениет үйінде қызмет атқаратын экономист, аккомпаниатор сынды мамандар өнер көрсетеді.

– Әшірәлі Кенжиев атындағы мәдениет үйінің директоры Бақыт Тұрсыновтың театр құру жайлы идеясын ұжым болып қолдадық. Сахнаның үлкен-кішісі жоқ, аудандық мәдениет үйінің ұжымы сатира жанрындағы театрдың республикалық деңгейге көтерілуіне бірігіп атсалысты. Театрдың «Халықтық» атауын алуына сеп болған жайттың бірі Қостанай облысында жыл сайын сатирик-жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» атты республикалық әзіл-сықақ театрының фестивалі болды. Биыл төртінші рет өткізілген байқауға Қостанай, Атырау, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда, Павлодар, облыстарынан барлығы 12 театр ұжым қатысты. Әр өңінімізден жиналған «Күн мен Түн», «Халық», «Берік шоу» секілді әзіл-сықақ театрлары бақ сынаған фестивальде облысымыздың намысын Келес ауданынан шыққан «Күлкі терапеиясы» қорғап еді. ҚР мәдениет қайраткерлері Асылбек Боранбай мен Нұрлыбек Жұбатқан, ақын Абылай Маудан мен Сейіт Кенжеахметовтың қызы, белгілі ұстаз-ғалым Зәмзәгүл Сейітқызы қазылық еткен байқауда келестік «Күлкі терапеиясы» бас жүлдеге қол жеткізді. Осыдан кейін ұсыныс түсіп, ресми түрде «Халықтық театры» атандық, – дейді Келес аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Асқар Садыханов.
Айта кетейік, театр әртістерінің арасында өзге саланың да мамандары бар. Мәселен, Еркін Елеуішов — экономист, Қуандық Закиров – аккомпаниатор, әйткенмен олардың сахнадағы шеберлігі кәнігі актердің ойнағанынан кем түспейді. Бас режиссер Бауыржан Тұржановтан бастап шығармашылық ісі жөніндегі директор Бақытжан Баймаханов, қоюшы режиссер Жанкелді Мырзалиев, мәдени ұймдастырушы Бағлан Нұрназаровқа дейінгі азаматтар ауданнан шыққан театрдың биіктен көрінуі үшін бар ықыласымен қызмет етіп жүр.
Театр репертуарындағы «Дәрігер», «Мектеп,» «Лунатик» «Шипажай», «Сорғыс ардагері» инетермедиялар көрерменнің көңілінен шығып үлгерген.