Келестік кәсіпкер киіз үй жабдығын жасайды

34

Елімізде шағын бизнесті дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Қолөнерге және шаруашылық өндірісін дамытуға бейім халық ішінде қолы алтын жандар көп-ақ. Олардың қатарында Келес ауданының Бесқұбыр ауылында тұратын Мөлдір Нұғманова да бар. Ол жұбайы мен балалары жасаған киіз үйдің бар жабдығын тігіп, отбасылық кәсіпке айналдырып отыр.

— Бұл киіз үй кәсібін бастағанымызға екі жыл болды. Цехта жергіліті бес азаматты жұмыспен қамтып отырмыз. Тапсырыс көбейіп жатса жұмыс орнын қосуға дайынбыз. Осы таңға дейін 150 киіз үйді тапсырыспен жасап шықтық. Қазіргі таңда Өскемен қалсынан 20 киіз үйге тапсырыс алып отырмыз. Алдағы уақыттағы жоспарымыз демалыс орындарына осы үйдің керек екенін дұрыс насихаттап, шетелдік туристтерге көрсету, өзіміздің ұлттық құндылығын насихаттау, ерекше дүниемізді көрсету болып табылады, — дейді Мөлдір Нұғманова.
Мөлдір Бегалықызының ұлттық құндылықты насихаттау мақсатында бастаған ісі кейінен кәсіпке айналып, табысқа кенеліп отыр. Ол киіз үйге кететін материалдарды ауылдағы азаматтардан сатып алады екен. Яғни, кәсіпкердің талабына сай қарағаш, тұт секілді ағаштарды кесіп берсе құнын төлеп береді. Бес қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана жас кәсіпкерлерге алдымен төзімділік қажет дейді. Ал қиындықтарға жан-жақты қарап шешім шығаруға кеңес береді.
— Келешектің іргесін бүгін қалау керек. Ал бүгін қаланған еңбектің жемісі ертең құрдымға кетпесін десек, бәріне жан-жақты қараған жөн. Айналып келгенде «Мемлекет маған не береді?» емес, «Мен мемлекетке не беремін?» ұстанымын ұстанғанымыз ұрпағымыз үшін ұтымды болар еді, — дейді Мөлдір Бегалықызы.