Шымкентте креативті индустрия өкілдері бас қосты. «Creative Industry of Shymkent» халықаралық форум-көрмесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар тарту көзделген. Бұл жолғы көрмеге 20 қатысушы өз жобасын алып келді.
Үшінші мегаполисте креативті индустрия өкілдері бас қосып, түрлі жоба таныстырылды. «Шекер» этно кофеханасы сондай жобалардың бірі. Бұл тек кофе ішетін емес, келушілер қазақ тәттілерінен дәм тата отырып, тарихқа көз жүгіртетін орын. Бұл мекеннің басты ерекшелігі қазақ ауылының атмосферасы мен тұрмысын жеткізетін музейінде. Аталған музейге сан ғасырлық тарихы бар сандықтар мен сырмақтар қойылады. Авторлары аталған жоба бүгін инвесторлардың көңілінен шығады деген ойда.
«Біздің басқа этнокофейнялардан ерекшелігіміз бізде 2-ші қабатта «Art Hub Amanat» орналасады. Ол жастар креативті орталығы. Оның көмегімен , кофеханаға кірген кісі қазақи нақыштағы тәттілердің дәмін татып қана қоймай, этношоурумды да көре алады. Сондай ақ, бізде бірнеше креативті фотозоналар болады»,- «Art Hub Amanat» ассоциацияның директоры Аяулым АБДЫҚАДЫРОВА.
Шымкентте «Creative Industry of Shymkent» халықаралық форум-көрмесі өтті. Шараға жалпы саны 20 қатысушы өз жобасын әкелген. Белгілі гиперреалист мүсінші Айдос Есмағамбетов те солардың қатарында. Ол өзінің Абай мүсінін бүгін халыққа көрсетті. Тарихи тұлғалардың шынайы мүсінін жасау бізді сол заманға жетелейді дейді ол.
«Абайдың мүсінін ескі, бұрыңғы заманның фотосына қарап, жасап шығардым. Абайды қашанғы адамдар фотодан қарап отыруы керек? Бұл мүсіннің ерекшелігі де сол, қасында тұрғандай әсер беру. Жанында тұрып фотоға да түсуге болады»,- дейді белгілі гиперреалист мүсінші, суретші Айдос ЕСМАҒАМБЕТОВ.
Аталған форум-көрме аясында питчинг, яғни креативті жобаларды қорғау мен таныстыру арқылы, инвестиция тарту мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ жауаптылар Шымкент қаласында креативті индустрия бағытын дамыту мақсатында бірқатар меморандум жасалатынын айтты.
«Біз форумға 20-ға жуық инвестор шақырдық. Шара аясында питчинг өтеді. Мұнда жастар өз жобасына қаражат таба алады. Сондай ақ, 10 меморандумға қол қойылады»,-деді Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креавтивті индустрия басқарма басшысының м.у.а Азамат НҰРЫМБЕТОВ.
Іс-шараға еліміздің туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев пен қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов және 30-дан астам креативті индустрия бағытының өкілі қатысты. Айта кетейік, былтырдан бастап қалада кәсіпкерлерге 5 жылға дейін 1%-бен 10 млн теңгеге дейін несиелеуді қарастыратын «Іскер қала» өңірлік кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында креативті индустрия субъектілеріне ғимаратты жалға алудың бір бөлігін субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдау қарастырылған.