Медициналық сақтандыру үшін алдағы 12 айға толық төлем жасаса, өткен жылғы берешек кешіріледі

фото healthrevenue360.com

Шымкентте 242 мың азамат медициналық сақтандырылмаған. Дегенмен, бұл сан жыл санап азайып келеді. Жалпы, айтулы жүйе енгізілгелі медицина көптеген жетістікке жетті дейді мамандар. Медқызметкерлердің жалақысы өскен, қымбат тұратын диагностикалық қызмет түрлері халық үшін қолжетімді болды.

Шымкентте 1 млн-нан астам халық тұрса, оның 242 мың азаматы медициналық сақтандырылмаған. Жарнаны өзі төлейтін азаматтар егер 12 айдың 11 айын төлеп, бір айы төленбеген болса, онда ол «сақтандырылған» статусынан айырылады. Ал егер бір жыл көлемінде емхана көмегіне жүгінбей, сәйкесінше жарна төлемей, дегенмен, алдағы 12 айға толық төлем жасаса, өткен 1 жылғы берешек кешіріледі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Шымкент қаласы бойынша филиалы мамандары айтты.

Арапкүл Ізбасарова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары: «Медициналық сақтандыру көмек алғанға дейінгі 12 айы толық төленуі керек. Арасында бір-екі ай төленбей қалып, он айы төленген болса, бәрібір «сақтандырылған» статусқа ие болмайды. Мысалы артқы айлардың берешектері өтеледі, егер сіз алдыңғы 12 айға төлеп тастасаңыз, онда артқы айларға төлемесеңіз де болады. Сонда екі жақты шығын болмайды. Артық айда 8-9 ай төленбеген болса, оның бәрі кешіріледі».

Жалпы, МӘМС жүйесі енгізілгелі Шымкентте медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы өскен. Сондай-ақ, трансплантология бағыты да қарқынды дамып келеді. Жүйе енгелі бұрын қалтаға қонымсыз болған экстркорпаралды ұрықтандырудың қолжетімділігі артты. Мәселен, өткен жылы ЭКҰ арқылы 344 әйел босанып, 336 нәресте дүниеге келген.

Бақытжан Позилов, №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері: «МӘМС жүйесі енбей тұрған кезде 2020 жылға дейін халықтың арасында қымбат тұратын диагностикалық қызмет түрлері қолжетімсіз еді. Шымкент қаласын айтатын болсақ, МРТ, КТ, одан кейін ИФА, ПЦР-анализдер және қымбат тұратын операциялар тіпті қолжетімсіз еді. Халық Өзбекстан Республикасына, Ресейге немесе басқа шетелге баратын еді. Немесе қолжетімсіз болып, өкінішке орай, науқастар мүгедектікке шалдығып немесе өлім-жітім саны көп еді, қазіргі таңда олай емес. Біздің №2 қалалық ауруханасының өзінде 1 жыл ішінде МРТ диагностикасын 805 адам өткен, ол 14 млн. астам теңге көлемінде»

Мамандар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша халықтан түсетін арыз шағымдар саны да азайғанын, ал жыл санап сақтандырылған статусына ие болған азаматтар саны артып келе жатқанын айтады.

Арапкүл Ізбасарова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры: «Қала тұрғындарының саны 1 млн. 216 мың, оның сақтандырылмағаны 242 мың. Бұл бағытта қор тарапынан ұдайы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әкімдік жанынан штаб құрылған Бізде халық денсаулығын сақтау, медициналық көмек сапасын жақсарту, қолжетімділігін арттыру – бастапқы мінетіміз».

2020 жылдан бері ересектер мен балалардың оңалту емі 2 есеге артқан. Оңалту ем-шараларының да түрлері ұлғайған. 2019 жылы кардиологиялық, кардиохирургиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары 12 медициналық мекемелермен жүргізілсе, 2022 жылы қосымша травматологиялық, пульманологиялық бағыттар қосылып, нәтижесінде 20 медициналық мекемеде жүргізілуде.