Осыдан бірер күн алдын, 10 жыл бұрынғы оқиға әлеуметтік желіге тарап, қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Дауға негіз болған мегаполистің ең ірі спорттық аренасы — Шымкенттегі Мұз сарайы ғимараты. Желіде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, нысан жергілікті олигархтың қолына заңсыз өткен.
Жұлдыз Шукенова, тілші: «Қараша айының соңында әлеуметтік желілерде, содан кейін БАҚ беттерінде «тез байып кетудің шымкентше әдісі» туралы ақпарат шықты. Онда автор атап өткендей, құны 996 миллион теңгеге бағаланған мұз сарайын әйгілі кәсіпкер Сейтжанов бар болғаны 128 миллион теңгеге сатып алған. Тағы бір мәлімет. Автордың айтуынша, әкімдік сарайды күтіп ұстау проблемалары және қарыздарына байланысты төмен бағаға сатқан, бірақ нәтижесінде 7 жыл ішінде жалдау ақысы үшін 1 миллиардтан астам қаражат төлеген. Іс жүзінде солай ма? Анықтап көрелік».
Мақала туралы Мұз сарайының директоры біздің кез-келген сұрақтарымызға жауап беруге дайын болып шықты. Ал көптің көкейіндегі маңызды сауал, ғимарат бағалау құнынан 8 есе арзан сатып алынды деген ақпарат рас па?
Айдар Халменов, «Спорт сарайы» ЖШС-нің директоры: «Ия, мен мақаламен танысып шықтым. Онда мұз сарайы бізге 128 миллионға сатылды делінген. Шындығында олай емес. Нысанды сатып алу екі кезең бойынша жүзеге асты. Біріншісі 2007 жылы болды. Біз оны 470 миллионға сатып алдық. Ал екінші кезеңде шынында да 128 миллион төлеп сатып алдық».
Директордың сөзінше, сарайдың жалпы құны 654 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар, сатып алу кезінде оның 184 миллион қарызы бар болған. «Сондықтан болар, коммуналдық кәсіпорынды жеке қолға беру мемлекет үшін тиімдірек болды», дейді Айдар Халменов.
Қазірдің өзінде, көптеген жылдар өткен соң, мұз сарайын табысты нысан деп айту қиын. Тек салықтарға ғана компания жыл сайын шамамен 25 млн. теңге аударады. Ал ғимаратты жөндеуге және жаңа жабдық сатып алуға 40 млн. теңге жұмсайды.
Айдар Халменов, «Спорт сарайы» ЖШС-нің директоры: «Бұл тоңазытқыш қондырғыны 33 млн. теңгеге сатып алдық. Ол айдындағы мұзды жасайды. Міне, мына тоңазытқыш камерасын биыл сатып алдық, әлі іске қосқан жоқпыз. Коммуналдық қызметтерге көп кетеді. Байқасаңыз, мұнда бір компрессорда 2 жабдық жұмыс істейді».
Тілші: «Коммуналдық қызметке айына қанша қаржы кетеді?»
«Спорт сарайы» ЖШС-нің директоры: «Шамамен 8 млн. теңге».
Әзірге нысанның негізгі табыс көзі Шымкент қаласы әкімдігінің төлемдері болып отыр. Мұз алаңын және кеңсе бөлмелерін жалға алу үшін ай сайын шамамен 19 млн. теңге кетеді. Мұндай шығындарды олимпиадалық резервтегі спорт мектебінің директоры негіздеді.
Болат Мәмбетов, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының қысқы спорт түрлері бойынша №8 олимпиадалық резерві мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры: «Иә, біз қомақты соманы төлейміз. Бірақ бізде мұнда бүкіл спорт мектебі, 5 спорт түрі, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей, фристайл, допты хоккей бар. Қысқы спорт түрлерінің Шымкентте дамығанына таң қаламын. Біздің балалар әрдайым республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Біз осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Бізде таңертеңнен бастап кешкі 9-ға дейін жалпы 551 бала айналысады, бұл секциялардың барлығы балаларға тегін. Олимпиадалық резерв спорт басқармасының қамқорлығында».
Ресми ақпарат бойынша, Мұз сарайының үлесіне екі компания, екі құрылтайшы яғни, «Саутс ойл» және «Мұнай құрылыс сервис» компаниялары иелІк етеді. Айдар Халменов осы уақытқа дейін олардың ешқайсысы дивиденд алмайтынын айтады. Ал спорт кешенінің кірісі ағымдағы жылы 184 миллионнан астам теңгені құрады, шығыс одан көп. Спорт кешені басшысының айтуынша, материалдық-техникалық базаны жаңарту сол арқылы келер жылда табысқа шығу жоспарда бар. Ол жоспар орындала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.
Шымкент қаласының «Спорт сарайы» ЖШС құрылтайшылары:
«Саутс-Ойл» ЖШС — 32,91%
«Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС — 67,09%
Ағымдағы жылғы ресми деректер:
Кірістер: 184 360 000
Шығыс көлемі: 185 495 000