ОҚМА студенттерге арнайы репродуктивті медицинаға арналған аудитория ашылды

32

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында арнайы жабдықталған қосымша репродуктивті технологиялар аудиториясы ашылды. Мұндағы оқыту бөлмесінің ашылуы — болашақ дәрігерлердің репродуктивті медицинаға бет бұруына үлес қосу дейді ұйымдастырушылар. Салтанатты шараға биология ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Байқошқарова арнайы келіп, игі іс бастамаға сәттілік тіледі.

Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясында студенттерге арнайы репродуктивті медицинаға арналған аудитория ашылды. Оның іске асуына – «Экомед» және NGC  (New generation clinic) адам ұрпағын өрбіту клиникалар тобының ғылыми директоры үлес қосқан. Мамандардың айтуынша, бүгінде еліміздің 12 ірі аймақтарындағы бұл клиникаларда 400 қызметкер бар, қазіргі уақытта олар 16 000 астам сәбидің дүниеге келуіне себепші болған.

Салтанат Байқошқарова, биология ғылымдарының докторы, профессор: «Барлық  студенттер  бүгін жиналып, бізді қошеметтеп жатқандарыңызға рахмет айтамын. Бұл  бәрімізге бірге игі іс, жаңа заманауи үлгідегі бұрын бұл  ескі ғимарат болды баяғы кеңес үкіметі кезінен, соны кішкене жаңартып, үлесімізді қостық. «Экомед» клиникалар осылай бірге аудиториялар ашып жатырмыз. Еліміздегі әрбір төртінші бала Түркістан облысында дүниеге келеді. Сондықтан біздің облысқа жасап жатқан еңбегіміз бар. «Экомед Шымкент», «Экомед Түркістан» деген орталықтарымыз бар».

Аудиторияда студенттер үшін медицинаның эмбриология, репродуктология саласына қатысты ақпараттар жетерлік. Бұл студенттердің терең білім алуына, аталған салаға қызығушылығын арттыруға көмек береді. Білікті дәрігерлердің айтуынша, бүгінде бүкіл әлемде бедеуліктің саны артып келеді. Ал мемлекеттік квота балалы болуды аңсағандар үшін үлкен көмек болып отыр.

Зухра Батырханқызы, «ЭКОМЕД — ШЫМКЕНТ» клиникасының директоры: «Қазіргі таңда репродуктология, эмбриология, ЭКҰ өте үлкен қарқынмен дамып келеді. Оңтүстік Медицина Академиясының студенттері де соны білгені дұрыс деп ойлаймыз. Мүмкін олардың ішінде біреу ой түйіп, мүмкін болашақта репродуктолог маманы болып шығатын шығар. Балалы болғысы келетіндерге үлкен көмек, өте үлкен халыққа үлесін қосатын,  мықты  эмбриолог маманы болып шығатын шығар. Мұның өзі мемлекеттегі  медицинаның дамуына үлкен үлес қосады деп ойлаймын».

Айта кетейік, «Экомед Шымкент» клиникасы атынан ОҚМА-ның үздік 2 студентіне стипендия тағайындады. Жауаптылар бұл жастардың білімін одан әрі жетілдіріп, білікті маман болып шығуына септігін тигізеді деп сенеді.