Оқушы мүғалімді балағаттап, ар-намысын таптаса, оның орнына ата-анасы заң алдында жауапты болады. Өкінішке орай, осындай жағдайлар мектеп қабырғасында көп орын алуда.
Редакция заңгері Венера Нұрғалиқызының айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 435-бабына сәйкес, ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жіберіледі және 7 АЕК — 24 150 теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Ескере кетіңіз, егер балаңыз мұндай өрескел әрекетті бірнеше рет жасаса, мектептен шығарылуы мүмкін. Яғни, «Білім туралы» заңының 31-бабының 3-тармағына сәйкес 16 жасқа дейінгі балаларды орта білім беретін мемлекеттік ұйымдардан шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, білім беру ұйымдарының жарғысын өрескел және бірнеше рет бұзғаны үшін білім беру ұйымы мемлекеттік басқару органының шешімі бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етіледі.