«Қарызы бар қазақ қалмасын»: Шымкенттік ақын ерекше челлендж бастады

1200

Шымкенттік ақын Қажымұқан Абзалов ерекше челлендж бастады. Өнер иесі тұрмысы төмен және белгілі бір себептерге байланысты қаржылық тапшылыққа тап болған бейтаныс тұрғындардың азық-түлік дүкендеріндегі қарыздарын төлеп кетіп жүр.

Игі істің бірнеше видеосын ақын ТікТок парақшасында жариялаған. Оның бірінде Қажымұқан Абзалов қасындағы досына жақсы істі бірге жасауға ұсыныс айтады.

«Ойланып келе жатырмын. Әдемі машина мініп, әдемі киім киіп алғанбыз. Жақсылық жасап жіберсек пе деп отырмын. Қалай ойлайсың? Кез келген дүкенге кіріп, кез келген адамның қарызын жабамыз»,-дейді автор.

Бұдан соң қос жігіт кез келген дүкенге кіріп, қарыз дәптерді сұрайды. Сатушының айтуынша, тұрмысы төмен бір отбасының қарызы 16735 теңге, екіншісінің дүкенге берешегі 12 мың теңге екен. Сол сәтте сатушы қарызы жабылған тұрғынның біріне хабарласып, қуанышты хабарды жеткізеді. Айтуынша, тағдырдың тауқыметін тартқан бұл әйел күнделікті азық-түлікті қарызға жаздырып алудан бөлек, әр жұма сайын дүкенде тегін берілетін нанның бірнеше данасын алып кетуге мәжбүр екен.

12 мыңға жуық қарызы жабылғанын естіген тұрғын бейтаныс жандардың бұл сауапты ісіне алғысын жаудырады.

Бейнежазбадан жақсылық жасауды мақсат тұтқан жандар тағы бір дүкенге кіріп, құрылыста жалдамалы жұмысшы болып, ата-анасы мен бауырларын асырап отырған бейтаныс жігіттің  65010 теңге қарызын төлеп кетеді. Ал келесі дүкенге кірген олар үш баласымен жесір қалған әйелдің 54 мың теңгеге жуық қарызын жабады.

https://youtu.be/KgEylfBl44E

Бейнежазбаны парақшасына жүктеген соң Қажымұқан Абзаловқа көптеген желі қолданушыларынан игі іс өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен челлендж бастау туралы ұсыныс түсіпті.

«Желіде челлендж басташы деген әңгіме айтылып, жазып жатыр. Бастап көрейікші. Үйіңізден шығыңыз, ең жақын дүкенге кіріңіз. Дүкеннің сатушысы сізге сол жердегі ең мұқтаж жанның жағдайын айтып береді. Сырттан қарызын жабыңыз да кетіңіз. Жүректің қалай рахаттанып, қалай тынышталатынын сол кезде көресіз.  Ал челлендж басталды. Қарызы бар қазақ қалмасыншы»,-дейді ақын.