Қызылшадан сақтанудың жалғыз жолы – вакцинация

29
фото sarangazeti.kz

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары вакцинациялау жұмыстары бойынша ата-аналармен кездесті. Жиында мамандар екпе алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Шымкентте қызылшаға қарсы вакцинация жұмысын күшейту бойынша жиын өтті. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары ата-аналарға екпе алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Шымкенттік тұрғын Жадыра Байымбетова өз балаларына қызылшаға қарсы вакцина алғанын айтады. Ол вакцинаны уақтылы салдыру – балалардың құқығын қорғаумен тең деп санайтынын айтады.

«Балаларға вакцина салдыру керек. Олардың құқығын бұзбау керек. Ол бала мүмкін ертең айтатын шығар, «неге салдырмадыңыз маған, мен неге осындай ауру болып қалдым» деп. Баланың дені сау болуы үшін екпе салдырған дұрыс. Ең бастысы дені сау ұрпақ тәрбиелеуіміз керек»,- дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жадыра БАЙЫМБЕТОВА.

Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы егілмеген адамдар өмір бойы қызылшаға өте сезімтал болып қалады және кез келген жаста ауырып қалуы мүмкін. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков Шымкентте жағдайдың тұрақталып келе жатқанын айтады.

«Қазіргі статистиканы айтатын болсақ, бізде аурушаңдық 7000-нан асып тұр. Оның 3082-сі расталған. Сандар күнде ауысады, өздеріңіз білесіздер. Қазіргі уақытта аурушаңдық жеңілдеді деп айта алмаймыз. Бірақ 25-27 қарашадан бері тұрақтылыққа келтіріп жатырмыз. Өйткені соңғы уақытта расталған жағдайлар саны төмендеп жатыр»,- дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек АСЫЛБЕКОВ.

Қызылша – вирустық инфекция. Оны толығымен емдеу үшін арнайы дәрі-дәрмек қажет. Бірақ, ондай препарат бүгінде жоқ. Сондықтан, қызылшадан сақтанудың жалғыз жолы – вакцинация дейді жауапты мамандар.

«Вакцина алғандар да ауырады. Бірақ олар аурухана түспейді. Өйткені оларда, инфекция жеңіл түрде өтеді. Үйде 1-2 күн температура шығады, содан кейін науқас оны жеңіп кетеді. Асқынулар болмайды. Ал, вакцина алмаған балаларда қосымша аурулар пайда болады. Вакцина алмаған балаларда бұл ауыр өтеді»,- дейді Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігердің орынбасары  Мұрат АҒАБАЕВ.

Шымкенттіктердің 36 пайыздан астамы қызылшаға қарсы егілді дейді сала мамандары. Сондай ақ, жауаптылар вакцинацияны ілгерілету бойынша ақпараттық жұмыстардың одан әрі жалғасатынын жеткізді.