Шымкентте 6 бүлдіршінді қызыл жалыннан алып шыққан батыр ана баспаналы болады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков төнген қауіпке қарамастан кәмелетке толмаған балалардың өмірін құтқарған Марина Гафароваға алғыс білдіріп, баспана мәселесін шешуге уәде берді.
Оған демеушілердің көмегімен жаңадан салынып жатқан тұрғын үйден 4 бөлмелі пәтердің кілті табысталады.
Еске салайық, оқиға 16 желтоқсанға қараған түні сағат 2-лер шамасында Қайнарбұлақ саяжайында болған еді. Марина Гафарова түн ортасында көрші үйден шыққан қызыл жалынды көріп, терезені сындырып, балаларды сыртқа аман алып шықты.
«Сіздің бұл ісіңіз — үлкен ерлік. Өміріңізді қауіпке тігіп, 6 баланы өрттен алып шықтыңыз. Ерлігіңізді ескеріп, демеушілердің есебінен 4 бөлмелі пәтер сыйға беріледі. Сізге алғысымызды білдіреміз!» — деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.