Шымкентте «Мен донормын» акциясы өтті

50

Шымкентте ерікті жастардың бастамасымен «Мен донормын» акциясы өтті. Шараға жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен студенттер қатысты. Олардың басты мақсаты игі іс арқылы бір адамның болса да өмірін аман сақтап қалу.

Шымкенттік жастар таңмен таласа қан орталығына келіп «Мен донормын» акциясына атсалысты. Соның бірі жас спортшы Досымхан Жандарбек. Әмбебап жекпе-жектен жастар арасында әлем чемпионы бүгінгі шараға арнайы келіп, қан тапсырды. Ол мұндай шараға алғаш рет қатысып тұрғанын айтады.

«Мен донормын» акциясын естіп осы жаққа келдім. Қан тапсырып, ең болмаса 1 кісіге пайдамды тигізсем деймін. Бүгін қан тапсыруға бірінші рет келдім. Шамалы қорыққаным бар. Бірақ қорқатын ештеңе жоқ екен. Бәрі жақсы өтті» — дейді студент Досымхан Жандарбек.

«Мен донормын» акциясына қатысуға қалалық жастар ресурстық орталығының 50-ге тарта волонтерлері ниет білдірген. Шара мақсаты денсаулығына қауіп-қатер төнген тұрғындардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік жасау. Ал іс-шараны ұйымдастырушы ЖРО маманы Ақерке Сұлтан бірнеше рет донор болғанын айтады.

«Ерікті болу оңай» тақырыбы аясында апталық жарияладық. Яғни, ерікті жастардың қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді. Бүгінгі таңда жастар мен Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің қатысуымен «Өзгеге өмір сыйла» тақырыбында акция өтіп жатыр. Мұнда 18 жастан асқан жоғары оқу орнының студенттері салмағын, денсаулығын толық тексертіп барып, қан тапсыру акциясына қатысып отыр. Ал өзімнің мұнда келіп қан тапсырып жатқанына 3 рет болып жатыр» дейді ЖРО қоғаммен байланыс және ақпараттық талдау талдау бөлімінің басшысы Ақерке Сұлтан.

Айта кетейік, әр тұрғыннан 450 мл көлемінде қан алынады. Ал биыл орталықта 26 мыңнан аса адам кан компонентін тапсырған. Олар облыс пен үшінші мегаполистің 42 медициналық мекемесіне жеткізіледі.