Шымкентте өз ұлын өлтірген күдікті әке туралы жаңа дерек шықты

1027

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерде болған қанды оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде айтты.

Шаһар басшысының айтуынша, марқұм болған жас жігіт алкоголизммен ауырған. Ал оны өлтірді деген күдікті әке психикалық ауру — шизофрениемен есепте тұрған екен.

Еске салсақ, 1 желтоқсанда Шымкенттегі көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерден жауыздықпен өлтірілген жас жігіттің мәйіті табылды. Оқиға таңғы уақытта болған. Мойын аймағында көптеген пышақ жарақаты бар ұлының денесін анасы тек кешкі уақытта тапқан.

Полицейлер күдікті ретінде марқұмның әкесін ұстады. Ол қанды оқиғадан соң дереу пәтерден шығып, бой тасалаған екен. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. «Адам өлтіру» бабымен тергеу амалдары жүргізілуде.