Шымкентте пара алған басқарма басшысы 30 млн теңге айыппұл төлейді

65

Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының экс-басшысына қатысты үкім шықты.

Сот шешімімен бұрынғы мемлекеттік қызметкерге 30 миллион теңге айыппұл салу туралы үкім шығарылды. Бұл туралы жергілікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мәлімдеді.

Қылмыстық іс құжаттарына сәйкес, сотталушы еңбек шартын ұзартуы және «қамқоршылық» уәдесі мен басқарма қызметкерінің мүдделерін қолдау үшін қарамағындағы азаматтан бір миллион теңге көлемінде пара алған.

Сондай-ақ Шымкенттегі тағы бір шенеунік үш жарым жылға сотталды. Оның  мердігер мекеменің басшысынан пара алғаны дәлелденді.

Дәурен Ерғарин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «2023 жылы 2 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр, соттың үкімімен кінәлі деп танылды. Оларға қарамастан тағы бір лауазымды тұлға бір мекеменің басшысы мердігер компаниядан пара алғаны үшін қазіргі уақытта кінәлі деп танылып, ол 3,5 жылға бас бостандығынан айырылып отыр. Біздің мақсатымыз – олардың орнына тағайындалатын басшыларға осындай қылмысты жасауға жол бермеу.»