Шымкентте жастарға арналған жеңілдетілген несие бойынша жоспар орындалды. Алайда 10-ға жуық орынға қаражат артылған. Сондықтан осы аптада қосымша комиссия құрылмақ.
Бағдарламашы мамандығын бітірген Жадыра Қайболдиева бала күнгі хоббиін кәсібіне айналдырған. Ол қазір балалар киімін тігумен айналысып, өз брендін қалыптастырып келеді. Тігінші қыз бизнесін алғашында текстиль өнімдерін жасаудан бастапты. Қазір мемлекеттен жастарға арналған жеңілдетілген несиені алып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Басында 1 қол машинасымен басталған ісім, осындай көлемде жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, соның арқасында тігін машиналар алдық. Оған қоса тігіншілер алдым. Соның арқасында қазір жеке саудамен қатар, көтерме саудамен де айналыса бастадық. Шымкенттен бөлек, аудандардан да тапсырыс келіп жатыр. Сол өңірлерге тіккен көйлектерімізді жіберіп жатырмыз», — дейді жас кәсіпкер Жадыра Қайболдиева.
Шымкентте жастарға арналған жеңілдетілген несие бойынша жоспар толығымен орындалып, 40 млн-ға жуық қаржы артылған. Сондықтан осы аптада қосымша конкурс өткізу көзделіп отыр. Қалған қаржы 10-ға жуық адамға жеткілікті. Мұны мамандар кәсіпкерлердің жобалық жоспарында бекітілген соманың аз болғанымен байланыстырады.
«5 млн-ға дейін деген соң әр азаматтың бизнес жоспары әртүрлі болған. Сол себептен 4 млн, 3,5 млн теңгеге жасаған бизнес жоспар бар. Соның есебінен қазір тағы қаражат беруге мүмкіндіктер бар. Егер де осы несиені алуға ниеттілер болса, Қонаев даңғылы 3\3 мекенжайында орналасқан «Аграрлық несие корпорациясына» хабарласса болады», — дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков.
Айта кейік, биыл 462 азаматтың өтініші қаралып, 262 тұрғынға несие берілді. Ол үшін бюджеттен 1 млрд 305 млн теңге қаралған. Оларға төлеу мүмкіндігіне орай жарты жылдан 1 жылға дейін демалыс мерзімі берілген. Осылайша жастардың бизнесіне қолдау көрсету көзделіп отыр.