Шымкенттік оқушылар сарайына 80 жыл толды

66

Шымкент қалалық оқушылар сарайының негізі қаланғанына 80 жыл толды. Осыған орай «Мерейлі мекенге 80 жыл!» тақырыбында конференция өтті. Онда қаламыздың дарынды жастары өзінің туындыларын қойып, ән мен биден шашу шашты.

Тарихы терең Шымкент қалалық оқушылар сарайында 124 үйірме жұмыс істейді. Онда 5 мыңға жуық бала бос уақытын тиімді пайдаланып, ән, би, тігін, спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Соның бірі — Сержан Сұлтанбек. Ол кішкентайынан роботтар әлеміне қызығушылығы басым болған соң, осында жазылыпты.

Сержан Сұлтанбек, «Robo Park» білім беру орталығының оқушысы: «Бұл физикалық құрылғы, кішкентай балаларға жас кезінен бастап физиканы, оның заңдылықтарын, ережелерін білуге арналған. Токтың күшімен таяқша айналады. Физикадағы үйкеліс күші деген бар, энергия бір жерден пайда болмайды, оны адамдар өз қолымен шаға алады. Егер бұл құрылғыны айналдырсақ, жарық пайда болады».

1943 жылы іргесі қаланған орталықтың 80 жылдығына орай «Мерейлі мекенге 80 жыл!» тақырыбында конференция ұйымдастырылды. Салтанатты шараға арнайы келген қала басшысы балаларды мерекесімен құттықтады.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Жастарымызды заманға сай қабілетті етіп тәрбиелеуіміз керек. Қазір жастардың бәсекеге қабілетті болуы үшін барлығы қолжетімді. Біздің жастарымызды әрдайым баулып келе жатсыздар, еңбектеріңіз жемісті болсын! Ғани Мұратбаев атындағы оқушылар сарайы белгісіз себептермен аты алынып тастапты. Жауаптыларға есімді қайтару бойынша жұмысты қолға алсаңыздар деймін»

Өнер ордасының басшысы киелі шаңырақтан 200 мыңнан аса шымкенттік балақай шығармашылық тұрғыда шыңдалғанын айтады. Оның ішінде елімізге танымал өнер иелері де бар. Сондықтан жауапты мамандар дара жолы қалыптасқан орталықты одан әрі түрлендіруді қолға алыпты.

Мекемеде 4 театр үйірмесі бар. Оның ішінде Шабыт тобы оқушылар арасында 2 мәрте республикада үздік атанған. Сонымен қатар, мерейлі мекен соңғы жылдары балаларды ұлттық қолөнерге баулуды қолға алды.