Тұрғын үйде өрт шығып, ер адам қайтыс болды

48

Шымкентте тұрғын үйде өрт шығып, ер адам қайтыс болды. Төтенше жағдай департаментінің мәліметі бойынша үйде газ қазандығының тарсылы орын алған. Өрттің тез өршіп кетуінен ер адамды құтқарып қалу мүмкін болмапты. Ал отбасының қалған мүшелерін марқұмның ағасы терезеден сыртқа шығарып үлгерген.

Бүгін осы үйден 1994 жылғы ер адамның мәйіті шығарылды. Мамандардың сөзінше, таңғы сағат 10-нан өте газ қазандығының тарсылы орын алған. Өрт тез өршіп, түпкі бөлмеде болған ер адамды құтқарып қалу мүмкін болмапты. Қазір үйдің есігі жабық. Ал отбасының басқа мүшелері туыстарының үйінде”.

Қайғылы оқиға Қызылжар шағынауданындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Марқұмның ағасы өрт кезінде үйдегі 5 баланы, анасы мен келіншегін терезеден шығарып үлгерген. Ал бауыры болған түпкі бөлмеге кіру мүмкін болмапты. Інімді құтқарып қала аламадым деп күйінген, ағасы біренше минуттың ішінде үй қызыл жалынға оранғанын айтады.

«Жанған бәрі газдан болды ғой. Газ болмаса бұл тез жанып кете салмайды, мен інімді құтқаратын едім. Жарық немесе басқадан емес газдан. Ұйықтап жатқанда мені тұрғызды, комната қып-қызыл болып жанып жатқан. Бәрі газдан. Білемін ғой, мен жас бала емеспін, көрдім. Тек ініме кіре алмай қалдым. Газ атылып қып-қызыл болып жанып жатыр»,- дейді марқұмның ағасы Умит Ергешов.

Ал газға жауапты мамандар қайғылы оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп, сараптама тағайындалғанын айтады.

«14 желтоқсан күні Қызылжар мөлтек ауданы Қос диірмен көшесі 56 үйде өрт болды деген ақпарат келіп түсті. Алдын ала болжам бойынша өрт электр желілерінің тұйықталуынан орын алды деген болжам бар. Қазіргі таңда сараптама тағайындалды. Мамандар оқиға орнын зерделеп шықты», — деп мәлімдеді  «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ШӨФ өндірістік техникалық бөлім басшысының орынбасары Елдар Қуандықов.

Төтеншеліктер оқиға орнына жеткенде күйік шалған ер адамның мәйітін тапқан. 8 бөлмелі үйдің шатыры толығымен жанып кеткен.

Асқар Шәріп, Шымкент қаласы ТЖД ресми өкілі: “14 желтоқсан сағат 10:24-те Шымкент қаласы, Абай ауданы, Коммунизм бөлімшесі, Қосдиірмен көшесі 56 үйде газ қазандығының жарылысы  орын алып, салдарынан жалпы көлемі 100 ш.м. тұрғын үйдің шатыры толығымен, көлемі 18 ш.м. бастырма және көлемі 18 ш.м. уақытша тұрғын үйдің шатыры жанды. Өрт 11:10-да оқшауланып, 11:40-та толығымен сөндірілді. Оқиға орнында үй иесінің баласының күйген мәйіті табылды. Оқиға орнына: ТЖД (20 қызметкер мен 3 дана техника) және АМО (3 қызметкер, 1 дана техника) жұмылдырылды».

Ал кешке отбасы мүшелері туыстарының үйінде марқұмның жаназасын шығарып, жер қойнына тапсырды.