Жаңа жылда ғажайыптар орын алады

42

     Ислам Сүлейменовтің оқиғасын сиқырлы мереке қарсаңындағы нағыз ғажайып деп атауға болады. 14 жастағы Ислам Шымкенттегі №4 балалар үйінде тәрбиеленуде. Ол кішкентайынан полиция қызметкері болуды армандап, форма киген, патрульдік көліктегі адамдардың жұмысын қызыға бақылайды екен.

    Тәртіп сақшылары жасөспірімнің арманын жүзеге асыруды ұйғарып, полиция департаментіне шақырды. Мұнда Исламға полиция басқармасының «жүрегі» – жедел басқару орталығы көрсетілді. Ол үлкен залдың қабырғасын алып жатқан экрандар арқылы мегаполис өмірін тамашалау кезінде түрлі эмоцияларға бөленді.
ЖБО-на барғаннан кейін мектеп оқушысы патрульдік полиция полкінің қызметтік көлігінің жүргізуші орындығына отырып, көлік ішіндегі құрал-жабдықтармен танысып, нағыз рация арқылы байланысқа шықты.
 Осыдан соң Ислам қаланың бас полицейімен кездесті. Генерал Думан Таев оны жылы қабылдап, болашақ офицермен кездескеніне қуанышты екенін білдірді. 8-сынып оқушысы құқық қорғау мамандығын таңдағанын, өйткені ол әрқашан адамдарды қорғап, оларға көмектесуді қалайтынын айтты. Думан Әшкенұлы жеткіншекке өз фуражкасы мен  қол сағатты сыйға тартып, алға қойған барлық арман-мақсаттарына жетуін, болашағы жарқын болуын тіледі.
     Айта кетейік, №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері төрт жылдан астам уақыт Шымкент қаласы ПД  қызметкерлерінің қамқорлығында. Ал, осы мекеменің үш түлегі бүгінде ҚР ІІМ Қарағанды ​​академиясының курсанттары.