Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданы активімен мәжіліс өткізді. Жиында аймақты дамыту барысы талқыланды. Сонымен қатар, өңір басшысы сенімді ақтай алмаған кейбір жауапты басшыларды сынға алып, жұмысты ширатуды тапсырды.
«Жұмыстан босатамыз!». Бұл облыс әкімінің Қазығұрт ауданы активімен өткен мәжілісіндегі сөзі. Дархан Сатыбалды жауаптылармен аталған аймақты дамыту барысын талқылады. Кемшіліктерді зерделеп, мәселелерді шешу жолын ақылдасты. Сенімді ақтай алмаған кейбір жауапты басшыларды сынға алып, жұмысты ширатуды тапсырды.
«Мәселенің барлығын өзіміз білеміз, өзіміз шешу керекпіз. Сол себептен қандай да бір мәселе болса, оны тікелей айтамыз. Сіздерге бір рет мүмкіндік береміз, екі рет береміз. Ал, үшіншісінде жұмыстан босатамыз. Өйткені мәселенің артында үлкен жұмыс тұр, халық тұр. Сондықтан бұл тікелей аудан әкімінен бастап, барлық жұмыскерлерге қатысты. Демалатын уақыт жоқ. Жұмыс істеу керек»,- деді Түркістан облысының әкімі Дархан САТЫБАЛДЫ.
Мәжілісте Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың есебі тыңдалды. Ол ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай ақ, келер жылға жоспарланған ивестициялық жобаларды да атап өтті.
«Негізгі капиталға келер болсақ, біздің жоспарымыз 31,5 млрд тг. Осы 10 айда біз 28,1 млрд-қа қол жеткізіп отырмыз. Оның ішінде жеке инсвестицияны 24 млрд тг құрап отыр. Ал, 2024 жылы біз ірі 5 инвестицияны жоспарлап отырмыз»,- деді Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан ИСМАИЛОВ.
Жиын соңында аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмыс орындарын көбейту, туризм саласын дамыту мен әлеуметтік нысандарды сапалы әрі уақтылы тапсыру жөнінде бірқатар тапсырма берілді. Өңір басшысы жұмысты ширатып, халыққа қолайлы жағдай жасау жұмыстарына қатысты да ескерту жасады.