2-сынып оқушысы үйінде алтын түсті қырғауыл өсіреді

82

Төлебилік 2-сынып оқушысы үйінде Қазақстанда сирек кездесетін алтын түсті қырғауыл өсіріп отыр. Балару Әділқасым осы бағытта жетекшісімен бірге ғылыми жоба жасап шығыпты. Қазір олар республикалық деңгейдегі байқауға қызу дайындыққа кіріскен.

Төлебилік оқушы – Балару Әділқасым таулы аймақта сирек кездесетін алтын қырғауылды өсіріп отыр. Кішкентайынан құс өсіруге әуес болған Балару ұстазымен бірге сирек кездесетін құс түрін күтіп баптау мен оны көбейту жолын зерттеп жүр.

«Қырғауылдарды үй жағдайында үйретіп, жерсіндіру арқылы санын көбейту. Ғылыми жобамның жаңалығы Төлеби ауданында таулы аймақта жүрген қырғауылдарды зерттеу, олардың жұмыртқасынан балапан аштырып, көбейтіп, болашақта қырғауыл шаруашылығын ашып, аңшылық шаруашылығын дамыту мақсатында өз елімнің дамуына үлкен үлесімді қосқым келеді» -дейді 2-сынып оқушысы Балару Әділқасым. 

Баларудың жобасы – облыста зерттеушілердің қызығушылығын туғызып отыр. Ол жас ғалымдар арасында үздік атанып та үлгерген. Республикалық байқауға жолдама ұтып алған зерек қыздың жетекшісі болашақта оның биология ғылымына зор үлес қосатынына сенімді.

«Баларудың бұл іспен айналысып жүргеніне 2 жыл болды. Өзі мектепке келгеннен бастап, дүниетану, жаратылыстану пәніне қызығушылығы жоғары. Әр сабақта осы қырғауылдар туралы айтып отыратын. Құстардың өмірі қатты қызықтырады. Ізденісі өте көп. Болашақта Баларудан көп үміт күтуге болады» -дейді сынып жетекшісі Зәуре Көкеева.

Небәрі 2-сынып оқушысының арманы асқақ. Ол алтын қырғауыл санын көбейтіп, ата-анасымен берге үлкен шаруа қожалығын ашуды көздейді. Сол мақсатта түрлі зоологиялық орталыққа барып, тәжірибе жинап жүр.