400-ден аса сарбаз әскери ант берді

50

Шымкентте 400-ден астам ұлттық ұлан сарбазы әскери ант берді. Осылайша олар әскери қызметшілер қатарына қосылды. Перзентінің әскери ант беру рәсіміне елдің түрлі аумағынан ата-аналары да келген. Олар маңызды оқиғаның куәсі болды.

Гүлбану Қалымбетова жалғыз ұлының әскери ант қабылдаған рәсіміне келген екен. Ол баласы ант берген сәтте бойында қуаныш пен қобалжу сезімі қатар болғанын жеткізді.

Гүлбану Қалымбетова, сарбаздың анасы: «Ия,өз еркімен «мама мен армияға кетемін» деді, «жарайды» деп келістік. Мен бір бала осы бас көзіне қараған. Жібердім, сағынып келіп отырмыз. Құдайға шүкір, хабарласып тұрамыз. Рахмет командирлерге».

Отан алдындағы әскери борышын өтеу кез келген сарбаздың міндеті. Әскери ант беру рәсімінде жастар, көпшілік алдында отан қорғауға әзір екенін салтанатты түрде жеткізді.

Елімізде Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді. Олар осыдан екі жыл бұрын болған қаңтар оқиғасында қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қызмет еткен.

Марат Рахпанов,  ҚР Ұлттық ұланының 6506 ә/б командирі: «Бүгін біздің әскери бөлімде маңызды күн. Әскери қызметке 500 жауынгер қосылуда. Құрметті ата-аналар, сіздерге балаларыңызға берген тәрбиелеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Шынымен де 1,5 айда оқу пунктінде жастар ешқандай мәселе туғызбай, тәрбиелі екенін көрсетті. Меніңше олар осы уақыт ішінде есейіп те үлгерді».

Жап-жас сарбаздар бір ай ішінде жас жауынгер курсынан өтіп, жауынгерлік, саптық және басқа да дайындықтар бойынша дағдысын шыңдаған. Ал салтанатты рәсімде олар саптық дайындық пен қоян-қолтық ұрыстың түрлі әдісін көрсетті.

Бұл жас сарбаздар 6506 әскери бөлімінде бір жыл қызмет етеді. Ал қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жас жауынгер курсы Шымкенттен бөлек, Түркістанда да өткізіледі.