Әнші Сәкен Майғазиев төлебилік 100 жастағы әжейдің арманын орындады

1050

Төлеби ауданында тұратын ғасыр куәсі Зылиқа Нұрбекова әжейдің арманы орындалды. 100 жастағы тұрғын бұған дейін отандық әнші Сәкен Майғазиевті өмірде көру арманы еткенін айтып, ол сәттің видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын. Бұл бейнежазба өнер иесін бей-жай қалдырмаған.

Әнші арнайы желі парақшасында жазба қалдырып, желі қолданушыларынан әжейдің мекенжайын табуға көмек сұрады.

«Әппақ жүрегіңізден, көлдей көңіліңізден, шынайы, кіршіксіз, тап-таза, тәп-тәтті түріңізден айналдым. Апаның мекенжайын сұрастырдым, Шымкент жақта деп естідім. Толық адресін білетін жан болса, Алла қаласа, осы айдың соңында әженің бетінен сүйіп, өзімнің маңдайымнан сүйгізіп қайтсам ба деп отырмын. Апаның: «Бет біткеннің сұлуы екен дей ме?» дегенінен әбден күлдім-ау. Апамның қалжыңы да қалтасында. Қарттарымыз, қазыналарымыз аман болсын» деп жазды өнер жұлдызы.

Бұл жазбаға көптеген желі қолданушылары пікір қалдырып, қарт тұрғын Төлеби ауданы, Жаңа жол ауылында тұратынын атап өткен.

Көп ұзамай әнші өз уәдесінде тұрып, зейнеткердің арманын орындау мақсатында Түркістан облысы, Төлеби ауданына ат терлетіп келді. Оны қарт әжей мен туыстары ерекше құрметпен күтіп алған.

Әжейдің туыстарының айтуынша, ғасыр куәсі өзін өнер жұлдызы іздеп келетініне алғашында сенбеген екен.

Сәкен Майғазиев әжейдің үйіне құр алақан келмеген. Камзол кигізіп, орамал жапты. Сондай-ақ ерекше өрнектермен безендірілген шапанды да сыйға тартты. Бұдан өзге ол өзінің кенже қызының құрметіне шығарып жатқан шәйін де алып келген.

«Аллаға шүкір, Зылиқа әжеме барып, маңдайынан сүйіп, батасын алу бақыты бұйырды» деп жазды желіге әжеммен кездесу сәтінің видеосын жүктеген өнер жұлдызы.

Айта кетейік, бүгінді таңда зейнеткердің атымен ашылған Instagram парақшасы өте белсенді. Онда 38 мыңға жуық жазылушысы бар.