«Әрең тұр»: Шымкентте ішімдікке сылқия тойып алған мас ер адам көлік тізгіндеген

0

Шымкентте ішімдік ішіп, аяғына әрең тұрған жүргізуші көлік тізгіндеген. Ер адамның бұл әрекетін жедел басқару орталығының түнгі кезекшілері қаладағы бейнебақылау камераларының бірінен байқап қалған.

Рысқұлов көшесінде дүкен алдында тұрған «LADA Granta» көлігінің жүргізушісі мен жолаушысының әрекеті орталық инспекторларының назарын бірден аударған. Олар аяқтарынан әрең тұрып, жүргізуші құлап қалған. Ер адам алкогольге қатты мас болғанына қарамастан рөлге отырып, тағы бір бөтелке ішкеннен кейін көлікті басқара бастаған.

Дәл осы кезде орталық кезекшілері патрульдік полицейлерге жедел хабар беріп, оқиға орнына тәртіп сақшылары жеткен. Осылайша полицейлер  көліктің жолын бөгеп, орын алуы мүмкін жол-көлік оқиғасының алдын алған.

Полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабына сәйкес 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Енді ол алдағы 7 жылда көлік жүргізе алмайды.