Атыңыз ұнамаса, ауыстыру оңай

75

Елімізде былтырдан бастап, азаматтардың аты-жөнін өзгерту жұмысы жеңілдеді. Қазір тұрғындар 1 өтінішпен-ақ есімін өзгертуіне болады. Ол үшін бұрынғыдай көп құжат жинап, бірнеше есікті қағып сабылудың қажеті жоқ.

Осыдан жарты жыл бұрын Гүлнар Тағыбаеваның қызы есімін өзгерткісі келіпті. Себебі жасөспірімнің аты өзіне ұнамаған. Өзі қалаған есімді алғысы келген 8 сынып оқушысының жасы 16-ға толмағандықтан өтінішті ата-анасы берген. Көпбалалы ана бұл жұмысқа көп уақыт жоғалтпадым дейді.

«Қызыма есімі ұнамады-ау деймін. Содан соң ауыстырайыншы деді. Содан соң мамандардан барып сұрадық. Қызымыз әлі кәмелетке толмаған соң әкесі, қызым үшеуміз барып, өтініш жаздық. Одан кейін 10 күнде дайын болады деді. Айтқанындай 10 шақты күннен кейін барып алдық» — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Гүлнар Тағыбаева.

Бүгінгі таңда атыңызды немесе тегіңіз бен әкеңіздің атын еш қиындықсыз өзгерте аласыз. Ол үшін 13 негіздеменің біріне сай болуыңыз керек. Мамандардың сөзінше қазір акт толтыру жүйесін алып тастаған.

 «Заңға өзгерту енгізілді. Тегін ауыстыратын болса, туу туралы куәлікке акт жазба енгізетінбіз. Бұрындары акт жазбаға өзгерту енгізген соң туу туралы куәлігін қайтып алатын. Одан кейін акт тіркелетін. Содан барып тегін немесе атын өзгерткені туралы куәлік беретін. Қазір мұның бәрі қысқартылып, тек туу туралы куәлігі берілетін болды. Туу туралы куәлікті және жеке куәлікті алады. Керек десе қосымша анықтама береді. Онда бұрынғы аты, қазіргі аты, және неге өзгертілгені толық жазылып тұрады» — дейді Шымкент қаласы Әділет департаментінің коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Дина Ботан.

Отбасы туралы Кодекске сай егер атын ауыстыруға дәлелдеме құжаттары болмай, өтініш қайтарылған жағдайда сотқа жүгінуге болады. Шымкентте 2022 жылы хал актілеріне өзгеріс енгізуге 1023 өтініш түссе, былтыр 405 өтінім қабылданған. Олардың сұранысы мақұлданып, құжат негізінде аты-жөніне түзету енді.