Дархан Сатыбалды: «Бірінші кезекте — халықтың жағдайын жасауымыз керек»

22

Түлкібас ауданын дамытудағы кемшіліктер облыс әкімінің бастауымен өткен актив отырысында ашық айтылды. «Бірінші кезекте халықтың жағдайы» деген өңір басшысы жауаптыларға сын-ескертпе айтып, тапсырмалар берді. 

«Бірінші кезекте халықтың жағдайын жасауымыз керек». Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданында өткізген мәжілісте осылай деді. Жиында өткен жылы атқарылған жұмыстар сараланып, кемшіліктер ашық айтылды. Олқылыққа жол берген жауапты тұлғаларға сын-ескертпе айтылып, жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бірінші кезекте біз халықтың жағдайын жасауымыз керек. Инвестиция, ауыл шаруашылығы, туризмді дамытуымыз керек. Барлық жауапты басшылар халықпен жұмыс істеңіздер. Өз-өзімізді тәрбиелеп, өз-өзімізді қолдамасақ сырттан келіп ешкім жұмыс істемейді біз үшін»

Мәжілісте индустриалды аймақтың жұмысын күшейту, инвесторларға жағдай жасау, өндіріс орындары мен кәсіпорындар ашу және өзге де салаларды дамыту жөнінде айтылды. Сондай ақ, актив отырысында Түлкібас ауданының әкімі есеп берді.

Нұржан Ізтілеуов, Түлкібас ауданының әкімі: «Жалпы шағын және орта бизнес өкілдерінің өнім көлемі 3 тоқсан қорытындысымен 41,1 млрд тг құрап отыр. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жалпы құны 2,5 млрд тг құрайтын 24 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жоба толық іске асқан жағдайда осы шағын және орта бизнесте 168 жаңа жұмыс орны болады»

Аудан әкімінің сөзінше, 2024-2026 жылдары ауыл шаруашылық саласы бойынша жалпы құны 10 млрд теңгеге жуық 11 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде өңірде 192 жаңа жұмыс орны ашылмақ.