Келес ауданы білім бөлімінің бухгалтерлері сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденді деген күдікке ілінді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олар 2021 мен 2023-ші жылдар аралығында қызметкерлердің деректер базасына жалған мәліметтер енгізіп келген.
Яғни, жалпы білім беретін оқу орындары қызметкерлерінің карт-шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлері есепшілермен үлестес тұлғалардың ЖСН-іне ауыстырылғаны анықталды. Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген шығын көлемі 400 млн. теңгеден асады.
Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА Ресми өкілі: «Көрсетілген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды және күдікті адамдарға қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды»