Мердігерлерге 12 млн. теңгеге жуық айыппұл салынған

Биыл Түркістан облысында 114 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Өткен жылы 87 үй ел игілігіне табысталған. 1890 пәтер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға кредиттік жүйемен берілсе, мемлекеттік бюджет есебінен 3051 пәтер табысталды. Биыл облыс орталығында 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 800 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. 

Түркістан облысында өткен жылдың қорытындысымен көпқабатты тұрғын үй құрылысында кемшіліктер анықталған 14 мердігерге шара көрілген. Нәтижесінде, оларға 11 716 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Өткен жылы тұрғын үйлерде анықталған кемшіліктер бойынша арнайы мониторинг тобы құрылып, ақаулық актісі түзілген.

«Біз дұрыс жобаларды бекітіп жатырмыз ғой, соны ұстану керек. Қазір үйлерді көрсетіп жатыр, ол жерде де балкондар ашық, көріп жатырсыздар ғой қандай болып жатқанын балкондардың бәрі?! Бәрін жапсын деген едім, ол жабылмаған. Түнгі жарықтандыру бәрі тоқтап қалған, мына жұмыстарыңыз болмайды!» – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Құрылыс саласында жетістіктер де жоқ емес. Облыста бүгінде 898,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылы өңірде көпқабатты 87 үй табысталды. Оның ішінде, мемлекеттік бюджет есебінен 3051 пәтер болса, ал жеке салушылар есебінен 300 пәтер тапсырылған.

Тоқтар Үсіпәлиев, Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы: «2023 жылғы жағдай бойынша 8606 шаршы метр тұрғын үй тапсырылды, жыл қорытындысымен 100,4 пайызға орындалды. Сонымен қатар, құрылыс индикатор көлемі 375 млрд теңгені құраған».

Жиында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайы мен құрылыс жұмыстарының барысы туралы баяндады. Сөзінше, өткен жылы 237 пәтерлі 4 тұрғын үй пайдалануға берілген. Құрылыс бөлімі тарапынан әкімшілік-іскерлік орталықта 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталса, 800 отбасы баспанамен қамтылады.

«12 қабатты екі үй және 7 қабатты екі үй, жалпы 237 тұрғын үй жалға берілді. 201 пәтерді «Отбасы банк» арқылы 36 пәтер тұрғын отбасыларға берілді. Бүгінгі таңда 76 пәтер сатылды. 125 пәтерді екінші рет конкурсқа беріліп, қазіргі таңда иелері анықталуда», -деп мәлімдеді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков.

Түркістан облысында 114 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне беріледі. 2820 пәтердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. Ал 3611 пәтер жеке инвесторлар есебінен үйлестірілуде.