Онлайн төлемді қабылдамаған кәсіпкер айыппұл төлеуі мүмкін

24

Жыл басталысымен – ақ, бірқатар дүкендер онлайн аударымдар мен QR код арқылы төлем жасау мүмкіндігін алып тастады. Себебі, енді ондай аударымдар бойынша төлемдер қадағалана бастайды. Егер сатып алушы картамен немесе QR код арқылы төлем жасаса, кәсіпкер бұл төлемдерге де салық төлеуі керек. Ал, қолма-қол ақша алып, чек бермесе бұл кірісті мемлекеттен жасыру болып табылуы мүмкін.

«Аударымдар жоқ, тек қолма-қол төлем». Жаңа жылдан бастап шағын дүкендер мен сауда орындарында дәл осындай жазу пайда бола бастады. Көптеген сатушылар төлемді онлайн аударым немесе QR код арқылы қабылдауды тоқтатты. Ал, қолма-қол ақшасы жоқ адамдар банкоматтарды немесе онлайн төлем қабылдайтын басқа дүкенді іздеуге мәжбүр. Себебі аударымдар және онлайн төлемдер үшін енді кәсіпкерлерге салық салынбақ. Сонымен қатар, чек беру үшін кассалық аппарат та қажет. Ал, кейбір сатушылар ватсап желісі арқылы да қолма-қол төлем жасауды сұрап жатыр. Ал, шымкенттіктердің көбі онлайн аударымдарға үйреніп қалғанын айтады.

«Қолма-қол ақша таппай қаламыз. Сол кезде Каспи қолданған дұрыс»

«Каспимен оңай. Бірақ кәсіпкерлерге салығы өте үлкен. Әр төлемге, әр транзакцияға ұстап қалады. Содан казір көбі Халық банкке өтіп жатыр, болмаса наличкаға өтіп жатыр»

«Аударым арқылы, кюармен төлеген оңай ғой. Қолма-қол ақша шешіп алып, жүргеннен»,- дейді қала тұрғындары.

Ал, кейбір дүкендер міндетті салыққа байланысты тауарлардың бағасын көтеріп жатыр. Экономистердің айтуынша, төлем әдістеріндегі мұндай өзгеріс онлайн төлемдер санының азаюына әкелуі мүмкін. Бұл ретте елімізде шағын және орта бизнес өкілдері үшін ең жоғары салық қарастырылмаған дейді мамандар.

Арман Байғанов, экономист: «Қазақстанда цифрлық валютаны енгізу қажет, яғни қаласаңыз да, қаламасаңыз да онлайн төлем жасау қажет болады. Ал, қазір бір олқылық болса, кәсіпкерлер өз кірістерін жабуға тырысады. Бұл көлеңкелі экономиканың өсуіне әкелуі мүмкін. Әрбір азаматтың мемлекет алдында міндеті болуы қажет. Тек ірі кәсіп иелері ғана емес, әр азамат әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі тиіс. Бұл үшін мемлекет төмен салықтар жасады. Дегенмен, салық төлеуді ұнатпайтындар әлі де бар»

Ал, Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары, егер тұтынушыға тек қолма-қол төлемді қабылдайтын және чек бермейтін кәсіпкер кезіксе, оған қатысты шағым жазу керек дейді.

Әсемгүл Мұстафина, ҚР ҚМ КХД жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары: «Біз азаматтарды салық органдарына жәрдемдесуге және чекті талап етуге шақырамыз. Егер сатушы чек беруден бас тартса немесе онлайн аударымдардан бас тартса аумақтық мемлекеттік кіріс органдарына шағымдануға болады. Онлайн төлемдерді қабылдамау бұл-заңсыз болып табылады»

Үстінен шағым түскен кәсіпкер бірінші ретте ескерту алады. Егер оқиға бір жыл ішінде тағы қайталанса, онда сатушыға 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, бұл шамамен 148 мың теңгені құрайды.