«Ордабасы» футбол құрамасы Еурокубокқа лицензия алды

0

«Ордабасы» командасына биыл 4,3 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар бұған дейінгі қарыздарды жабуға 4,2 млрд. теңге қаражат жұмсалған. Ал шымкенттіктердің сүйікті командасы бүгінде Еурокубокқа лицензия алып үлгерді.

«Ордабасы» футбол командасының барлық қарызы жабылды. Бұған дейінгі берешек суммасы 4,2 млрд. теңгені құраған еді. Сонымен қатар, шымкенттік құрамаға биылға бюджеттен 4,3 млрд. теңге бөлінді. Бұл ойыншылардың қала намысын қамсыз қорғауға жұмсалмақ.

«Биыл ең ауыр кезең болды. 2023 жыл алғаш рет чемпион атандық. Бірақ етектен тартып отырған қарыз бар еді. Соны жауып, лицензияны ала алдық. Негізі 15 қаңтарға дейін қарызды жабуымыз керек болған еді. Алланың көзі түзу болған шығар, жауып, лицензияны алдық. Біздің саясатымыз легионерлерді азайтып, жарыстарда өзіміздің жергілікті спортшылармен ойнау», – дейді «Ордабасы» футбол клубының президенті Бауыржан Абдубаитов.

«Ордабасы» командасының жанкүйерлері жиын барысында ескі стадионның мәселесін қозғады. Олар Еурокубокқа қатысатын спортшылардың заманауи өз алаңы болса деген ұсынысын жеткізді.

«Жыл сайынғы жөндеуге ақша бөлінеді ғой, соның өзін жақсылап жаратса жетер еді. Стадионға жауапты адамдар да бар ғой. Солар алаңның қалыпқа келуіне ықпал етсе де болар еді. Олар 30 мың адам келсе, соны 12 мың ғана келді деп көрсетпей, содан түскен ақшаға жөндеу жұмысын жасаса болады ғой. Әйтпесе ескі стадионнан ұят», – дейді «Ордабасы» командасының жанкүйері Айтбек Әбдірахманов.

Айтулы саладағы жүйесіздіктен арылатын уақыт келді деген қала басшысы, биыл 35 мың орынға шақталған жаңа футбол алаңының құрылысы басталатынын айтады. «Бозарық» елді мекенінен бой көтеретін нысан 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Ал Қажымұқан атындағы стадион жөндеуден өткен соң, қосалқы алаңшаға айналады.

«Ескі стадионды жаңамен бірге жөндеу бюджетке ауырлық салады. Сондықтан бірінші жаңа стадионды салып алайық. Әйтпесе жырым-жырым болып кетеді. Әрине, «Ордабасының» чемпион болғанына мен де қуанамын. Бұл жақта сәл жүйесіздік бар. Бұдан кейін «Оңтүстік» клубын алып тастаймыз. «Ордабасы» қалады. Оның дублі қалады. Сонан соң «Оңтүстік» кішкентай балалары қалады», – дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

2025 жылға дейін «Ордабасының» негізгі құрамы өзгермейтін болды. Себебі бұған дейінгі келісімшарт 2 жылға түзілген. Алайда ойыншылардың дайындығын күшейту мақсатында сербиялық мықты маманды шақырту көзделіп отыр. Ол мұндағы тәжірибелі футболшылар мен қатар осында жаттығып жүрген балалар құрамасының да деңгейін көтеруге атсалысатын болады.